Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен (МӘСҚ) бір айдан алты айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Төлемді алу тәртібі толықтай цифрландырылып, eGov.kz пен enbek.kz арқылы жеңілдетілген. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша МӘСҚ-дан жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 331,7 мың адамды құрады. Бұл туралы BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның ішінде 289,8 мың азаматқа төлем дәл осы жылы тағайындалған. Жұмыссыз азаматтарды қолдауға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 118,5 млрд теңгеге жеткен.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер бір айдан алты айға дейінгі мерзімге жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқылы. Қолдаудың ұзақтығы мен мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, сондай-ақ соңғы 24 айдағы табыс деңгейіне байланысты белгіленеді. Төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және жоғалтқан жалақының 45 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Төлем тағайындау рәсімі барынша жеңілдетіліп, цифрлық форматқа көшірілген. Ол үшін жұмыстан босатылған азамат eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Жұмыспен қамту және еңбек» бөлімінен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қызметін таңдауы, онлайн өтінімді толтырып, оны электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растауы қажет. Бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады, ал үш жұмыс күні ішінде жұмысқа орналасу мүмкін болмаған жағдайда қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі, - деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Осы қызметті enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта азаматтың ұялы телефонына МӘСҚ-тан төлем тағайындау жөнінде SMS-хабарлама жібереді. Келісім берген жағдайда, хабарламаға жауап беру жеткілікті – содан кейін төлем автоматты түрде тағайындалады.
Жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себебіне қарамастан ұсынылады және азаматтарды жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қолдауға бағытталған. Бұл тетік халық үшін қаржылық тәуекелдерді азайтып, еңбек нарығы өзгеріп отырған жағдайда қосымша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді.