Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 8 жылу электр станциясы (ЖЭС) тәуекел аймағынан шықты. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар 12%-ға, станцияларда 15%-ға қысқарды. Жылу желілеріндегі температуралық графиктің сақталмау жағдайлары 3 есе азайды. Маусым қорытындысы бойынша ЖЭС рейтингі жақсарды: 5 нысан “қызыл” аймақтан “сарыға”, тағы 3-еуі “сарыдан” “жасыл” аймаққа өтті, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы ірі технологиялық ақауларсыз, тұрақты режимде аяқталған.
Сондай-ақ өткен жылы электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 6%-ға артып, 348 млрд теңгеге жеткен. Ал жылу желілеріне салынған инвестиция 16%-ға өсіп, 129 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Электр желілерінде 17 мың шақырым желі мен 420 қосалқы станция жөнделіп, қосымша 323 шақырым жылу желісі жаңғыртылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр станциялары жабдықтарының тозу деңгейі 53%-ға, электр желілерінде 66,2%-ға, ал жылу желілерінде 50%-ға дейін төмендеді.
Еске салайық, бұған дейін 5 ЖЭС неге қызыл аймақта екенін Энергетика министрлігі түсіндірген еді.