Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жаңа жобалар қаралып, негізгі шарттары бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фармацевтика саласы
Khan Tengri BioPharma 103 млрд теңгеден астам қаржыға биофармацевтикалық зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды өндіру қуатын арттырып, 180-нен астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп кешені
- Asyl Sugar жылына 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін жаңа зауыт салмақ. Инвестиция көлемі – 72 млрд теңге.
- Carlsberg Central Asia өндірісін кеңейтіп, жылына 340 млн литр сусын шығаратын жаңа желілер іске қосады. Жобаға 216 млрд теңге бағытталмақ.
- Fabe-Agro жылына 38 мың тонна көкөніс қайта өңдейтін кешен салуды қолға алды (68 млрд теңге).
- Түркістан мақта Агроөнеркәсіптік кешені жылына 121 мың тонна мақтаны терең өңдеу жобасын жүзеге асырады (58 млрд теңге).
Тамақ өнеркәсібі
PepsiCo тұзды тағамдар өндіретін зауыт салу жобасына шамамен 200 млрд теңге инвестиция салады. Қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын кәсіпорын экспорттық әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады.
Жалпы алғанда, аталған жобалар азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған.