Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда 5 млн теңгеден асатын барлық цифрлық операциялар бақылауға алынады

4 Қыркүйек 2025, 13:48
1041
Бөлісу:
 Мәди Искаков  - архив
Фото: Мәди Искаков - архив

Сенат отырысында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жасыруға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжаттың негізгі мақсаты – жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі капитал деңгейін төмендету және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру.

Қаралған заң терроризм мен экстремизмді, сондай-ақ, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға бағытталған операцияларға мониторинг жүргізуді күшейтуге арналған. Сонымен қатар қаржылық мониторингке жататын күдікті қызмет туралы ақпаратты беру тәртібі белгіленді. Қылмыстық қаржы айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер енгізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң аталған қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады деп сенеміз, – деп атап өтті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Заң күдікті операцияларды дер кезінде анықтауға және заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған.

Атап айтқанда:

  • Қаржылық мониторинг органдарының өкілеттіктерін күшейту.
  • Күдікті қызмет туралы хабарламаларды жіберу бойынша талаптарды анықтау.
  • Кірістерді жылыстату тәуекелдерінің бағалау жүйелерін қайта қарау.
  • Ақшамен және өзге мүлікпен жекелеген операциялар жөніндегі шектерді қайта қарау.

Осы тарапта, ерекше атап өтетін негізгі мәселенің бірі, ол – цифрлық активтер бойынша мониторингтің жаңа шарасы. Криптовалюталар мен өзге де цифрлық активтер, қаржы әлемінің ажырамас бөлігіне айналғаны белгілі. Бірақ олардың анонимділігі мен трансшекаралық жылдам қозғалысы жылыстату, терроризмді қаржыландыру және көлеңкелі схемаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктерді де ашады, - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Яғни заң 5 миллион теңгеден асатын кез келген цифрлық активтерге қатысты транзакцияларды міндетті түрде Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауды көздейді. Бұл шара күдікті операцияларды ерте кезеңде анықтауға және қаржылық алаяқтыққа жол бермеуге нақты мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы