Қазақстанда бүгінде шамамен 4,2 мың апатты және ескі көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл үйлердің тұрғындарын көшіру үшін алдын ала есеп бойынша 3,2 трлн теңге инвестиция қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлімдеді.
– Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, елімізде шамамен 4,2 мың апатты және ескі көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Алдын ала есептеулерге сәйкес, осы тұрғын үйлердегі барлық меншік иелерін көшіру үшін шамамен 3,2 трлн теңге көлемінде инвестиция қажет, – деді ол.
Комитет өкілінің айтуынша, 2029 жылға дейін апатты және ескі тұрғын үйлердегі 40 мыңға жуық пәтер иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Тұрғындарды көшіру кезінде бірнеше тетік қолданылады. Атап айтқанда, меншік иелеріне ақшалай өтемақы төлеу, қайталама тұрғын үй нарығынан пәтер сатып алып беру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар реновация жобаларын іске асыруға жеке инвесторлар мен құрылыс компанияларын кеңінен тарту көзделіп отыр.
Соңғы жылдары апатты тұрғын үй қорын жаңарту қарқыны біртіндеп артып келеді. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, 2023 жылы жаңа баспанамен 1 010 меншік иесі қамтамасыз етілсе, 2024 жылы – 1 381, ал 2025 жылы – 2 605 тұрғын жаңа үйге көшкен.
Өткен жылы елімізде 101 апатты және ескі көппәтерлі тұрғын үй сүрілді. Оның ішінде 62-сі жеке инвесторлардың, ал 39-ы жергілікті бюджет қаражатының есебінен бұзылған.
Ал 2026 жылы барлығы 224 тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 44-і бұзылды.