Қазгидромет ұсынған мәліметке сәйкес, 26-28 наурыз аралығында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз, тұрақты ауа райы күтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синоптиктердің болжамынша, Қазақстан аумағына ауқымды антициклон әсер етіп, көп өңірде ашық әрі жылы күндер орнайды. Дегенмен, батыс аймақтарда жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнауы мүмкін.
28 наурыз күні Маңғыстау облысында нөсер жаңбыр күтіледі. Ал 26 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында, 27–28 наурызда Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр.
Сондай-ақ республика бойынша тұман түсіп, солтүстік пен шығыс өңірлерде көктайғақ қаупі сақталады.
Ал ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды:
- батыс және солтүстік-батыста +15…+25°C,
- солтүстік пен шығыста +10…+17°C,
- орталықта +13…+24°C,
- оңтүстікте +21…+30°C,
- оңтүстік-шығыста +18…+27°C,
- таулы аймақтарда +10…+15°C шамасында болады.