Қазақстанда 27 мыңнан астам әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделді

Жалпы алғанда, 2026 жылдың соңына дейін ел бойынша 34 320 нысанды бейімдеу көзделген.

 ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев Бүгiн 2026, 09:24
Бүгiн 2026, 09:24
195
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Жыл басынан бері ел бойынша 27 683 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда. Бұл бастамалардың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғам өміріне еркін араласуына мүмкіндік жасау және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру.

«Аманат» партиясының Жол картасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Жоспар бойынша нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр: 2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, ал 2027 жылы барлық нысандар толық бейімделуі тиіс.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың соңына дейін ел бойынша 34 320 нысанды бейімдеу көзделген. Ал биылғы жылдың алғашқы екі айында 27 683 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, бұл жалпы жоспарланған көлемнің 65 пайызын құрайды.

Бейімделген нысандардың ішінде халық көп баратын әлеуметтік объектілер басым. Мәселен,

  • денсаулық сақтау нысандары – 4 570,

  • білім беру ұйымдары – 9 083,

  • мәдениет нысандары – 2 166,

  • сауда және қызмет көрсету орындары – 5 314,

  • мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 4 012,

  • өзге де нысандар – 2 538.

Өңірлер бойынша қарағанда, бейімделген нысандар саны Алматы қаласында – 5 780, Түркістан облысында – 2 286, Қызылорда облысында – 1 567, Атырау облысында – 1 438, Шымкент қаласында – 1 401 нысанды құрайды. Сонымен қатар Қостанай облысында – 1 367, Батыс Қазақстан облысында – 1 360, Ақмола облысында – 1 265, Қарағанды облысында – 1 281, Шығыс Қазақстан облысында – 1 221, Павлодар облысында – 1 158, Жамбыл облысында – 1 084, Алматы облысында – 1 055, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 038, Жетісу облысында – 954, Ақтөбе облысында – 898, Абай облысында – 872, Астана қаласында – 810, Маңғыстау облысында – 703, ал Ұлытау облысында – 145 нысан бейімделген.

Мүгедектігі бар азаматтардың айтуынша, соңғы жылдары қалаларда қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесі байқала бастады.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар Көкшетау қаласының тұрғыны Рамазан Мұқатаев бұл өзгерістердің оң әсерін атап өтті.

Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып келеді. Көптеген нысан иелері ғимараттарды құрылыс талаптарына сәйкестендіруге тырысып жатыр. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарын ескеріп, кіреберістерді ыңғайлы етіп қайта жабдықтауда. Сауда орталықтарының қолжетімді болуы да маңызды. Қазір мүгедектігі бар адамдар, әсіресе арбада қозғалатын жандар көптеген нысандарға кедергісіз бара алады. Мысалы, біздің қаладағы «РИО» сауда орталығы. Сонымен қатар М.Ғабдуллин атындағы мұражайдың қолжетімділік деңгейі мен көшпелі көрмелер ұйымдастыру мүмкіндігі ерекше әсер қалдырды, – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, қолжетімді орта қалыптастыру – тек ғимараттарды бейімдеу ғана емес, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Сондықтан алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, әлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы бола түспек.

Наверх