Қазақстанда 2025 жылы 23 балаларды сауықтыру орталығы салынады

Кеше, 18:04
220
Бөлісу:
Қазақстанда 2025 жылы 23 балаларды сауықтыру орталығы салынады
Фото: Оқу ағарту министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында балаларды сауықтыруға арналған 50 орталық және одан бөлек 100 қосымша білім беру нысаны салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл өңірлерде 23 балаларды сауықтыру орталығын ашу және қосымша білім беру үшін 22 заманауи нысан салу жоспарлануда.

Қазіргі таңда қосымша білім берумен 3,3 миллион бала қамтылған. Осы бағытта ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша мектептен тыс 1 713 ұйым және 380 үйірме жұмыс істейді. Елімізде барлығы 202-ден астам балаларды сауықтыру орталығы бар, оның 17-сі жыл бойы, 185-і маусымдық негізде жұмыс істейді.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға ерекше назар аударылып келеді. Алғаш рет девиантты мінез-құлқы бар 10 мың балаға үйірмелер мен секцияларға проактивті форматта бірінші кезектілік басымдығымен тіркелу мүмкіндігі берілді. 

Айта кетейік, жаңа нысандардың құрылысы өнер және шығармашылық саласында білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға баса назар аудара отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл бастамалар оқушылар мен жас таланттардың тұлғалық дамуына жағдай жасайды.

Өзгелердің жаңалығы