Қазақстанда 10 мыңнан астам көлік шығарылды

21 Наурыз 2023, 19:40
1047
Бөлісу:
Қазақстанда 10 мыңнан астам көлік шығарылды
Фото: golosarmenii.am

2023 жылы ақпанда Қазақстанда 10 мыңнан астам автомобиль шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника өндіретін кәсіпорындардың машинажасау саласына ақпанда қосқан үлесі 46,7%. Сала елдегі машинажасау мен шынайы сектордың негізгі қозғаушы күші болып келеді. Ірі торапты әдістен CKD (шанақ дәнекерлеу және бояу) әдісіне өту жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Қостанайда кадр дайындау үшін оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық заманға сай кампус құрылысы басталды. Алматыда Индустриялық аймақта автоөндіріс кластерін дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүріп жатыр, сонымен қатар орта тонналы Hyundai жүк көліктерін майда торапты әдіспен шығаратын конвейер желісі іске қосылды.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы (ҚАБҚ) берген мәлімет бойынша ақпанда автоөндірушілер жалпы сомасы 130,2 млрд теңге құрайтын 10 430 техника шығарды. 2023 жылдың алғашқы екі айындағы жалпы нәтиже былтырғы сол уақытпен салыстырғанда 36,8% өскен.

Биыл қаңтар мен ақпанда Қазақстанда 19 537 көлік құралы жасалды, олардың жалпы сомасы 232 млрд теңге құраған. Ал 2022 жылы сол кезеңде барлық типті 14 280 техника (133,6 млрд теңге) шықты. Екі айда 17 527 (+41,3%) жеңіл машина, 1 562 (-3,5%) жүк көлігі, 263 (+134,8%) автобус, 158 тіркеме мен жартылай тіркеме және 27 дана басқа арнайы техника конвейерден түсті, - делінген хабарламада.

Екі ай қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur жалпы 112,7 млрд теңгеге 10 620 (+37,2%) техника құрастырды. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan құны 112,2 млрд теңге болатын 7 477 (+41,1%) автомобиль шығарды. Семейде орналасқан СемАЗ клиенттеріне 576 коммерциялық техника жөнелтті. Сарандағы QazTehna 185 автобус өндірді. Көкшетауда жұмыс істеп жатқан КАМАЗ- Инжиниринг мамандары 165 жүк көлігін жасады. Hyundai Trans Auto зауыты 50 жүк көлігі мен автобус шығарса, Daewoo Bus Kazakhstan 31 автобус өндірді.

Жергілікті кәсіпорындардан шыққан ең танымал (экспортты қоса алғанда) брендтер: Hyundai (7 477), Chevrolet (4 102), Kia (3 814) және JAC (2 480).

Өзгелердің жаңалығы