Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы цифрландыру, жасанды интеллект, GovTech және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Жиында Қазақстандағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру мәселесіне назар аударылды. Талқылауға Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, жасанды интеллект және цифрлық даму, ұлттық экономика, қаржы вице-министрлері қатысты.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған ҚР жаңа Конституциясы технологиялық инновациялар мен жеделдетілген цифрлық трансформация арқылы экономиканы нығайтуға мүмкіндік ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айқындады. Бұл жыл Цифрландыру жылы деп жарияланып, экономиканың барлық саласына ЖИ шешімдерін ауқымды енгізуге басымдық беріліп отыр. 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазақстанның цифрлық трансформация бағдарламасын ілгерілетуге Дүниежүзілік банктің қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз жоспарлаған барлық бастаманың уақтылы жүзеге асырылуына үлкен мән береміз, – деді Олжас Бектенов.
Қазақстан Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексінің (GTMI) «А» тобына кіреді және әлемде 6-шы орында тұр. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Дүниежүзілік банк инклюзивті экономика үшін жеделдетілген цифрландыру, ЖИ саласында адами капиталды дамыту бойынша бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанда цифрландыру деңгейі жоғары екенін атап өтті. Маңызды жобалардың қатарында Деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, Каспий арқылы суасты талшықты-оптикалық кабелін салу, ауылдық жерлерде байланысты қамтамасыз ету және цифрлық мемлекеттік сервистер, жасанды интеллект және технопарктер саласындағы бастамалар бар. Дүниежүзілік банк осы бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.
Қазақстандағы цифрландырудың қазіргі мәртебесі – көптеген басқа дамушы елдермен салыстырғанда өте озық. Сіздерде жақсы дамыған мобильді байланыс, сапалы қызмет көрсететін электрондық үкімет платформасы, жеке секторға арналған дамыған экожүйе, тиімді ұлттық стратегия және саясат бар. Жақында ЖИ саласында жаңа заң қабылдадыңыздар. Осының бәрі өте керемет ұйымдастырылған. Мен сіздермен жұмыс істей бастағаныма өте қуаныштымын. Жасанды интеллект саласында жаңа сын-қатерлер бар, сондықтан да бұл міндетті жүзеге асыру бәріміз үшін оңай соқпасы анық,
– деп атап өтті Сангбу Ким.
Кездесу қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанды Дүниежүзілік банктің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктес әрі қатысушы ел болуға шақырды. Бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға бағытталған.
Типтік келісім бағыттары цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, цифрлық мемлекеттік платформалар мен сәйкестендіру жүйелерін жетілдіру, деректерді реттеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамыту және жасанды интеллект экожүйесін ілгерілетуді қамтиды.
Елдерге арналған цифрлық келісімдер әр мемлекеттің ұлттық басымдықтарына сәйкес бейімделеді. Осылайша, Қазақстан Республикасының ұлттық күн тәртібі Дүниежүзілік банктің қолдауымен нақты инвестициялық жобалармен және реформалармен үйлестірілетін болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-президент Сангбу Кимге және Дүниежүзілік банк командасына Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, Үкіметтің World Bank Digital Compact-ке қатысуға дайындығын атап өтті.