Қазақстан жануарлардың инфекциялық ауруларымен қалай күреспек

3 Қазан 2024, 10:39
320
Бөлісу:
Қазақстан жануарлардың инфекциялық ауруларымен қалай күреспек
Фото: архив

Сенат «Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Сәкен Арубаев атағандай, заң биологиялық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің, жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуын болдырмау, аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын толықтыру және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғау жөніндегі күш - жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.

Келісімді ратификациялау биологиялық материалдармен алмасуды халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес реттей отырып, ғылыми мекемелердің шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылы үшін құқықтық базаны қамтамасыз етеді. Бұл келісім ҚР заңнамасына, ратификациялаған халықаралық шарттарға және ҚР қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкес келеді. Жаһандық биологиялық материал алмасу желісіне қосылу, еліміздің ұлттық зерттеу мекемелеріне тиісті үлгілерге қол жеткізуге және жетекші әлемдік зертханалармен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, - деді сенатор.

Ғылыми әзірлемелердің сапасын және халықаралық аренадағы ұлттық ғылыми институттардың беделін арттырады.

Осы Келісімге сәйкес Өнім беруші сынамаларды алушыға өтеусіз негізге береді.

Биоматериалды алушы тиісті қорғау жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады.

Биоматериал коммерциялық лицензия өнімдерін немесе көрсетілетін қызметтерді өндіру немесе сату сияқты коммерциялық мақсаттарда пайдаланылмайды.

Кез келген зерттеулер аяқталған соң алушы зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндеттеледі. Алушы өнім берушімен келісу бойынша материалды өзге де мақсаттарда пайдалана алады. Биоматериалды алушы осы Келісімнің шеңберінде ғана пайдаланады және зертханалық зерттеулері аяқталған соң биоматериалдың барлық қалдықтарын жоюға міндеттеледі, - деп түсіндірді Арубаев.

Сондай-ақ, материалды іріктеу, буып-түю, жөнелту Дүниежүзілік жануарлар саулығын корғау ұйымының ұсынымдарына және басқа да халықаралық қағидалар мен стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

Биоматериалдың әрбір орамасымен биоматериалдың егжей-тегжейлі сипаттамаларын қамтитын техникалық деректер тізбесі қоса жүреді.

Жалпы осы биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау медицина мен ғылымдағы прогреске ықпал ететін биоматериалдардың тиімдірек және қауіпсіз алмасуына құқықтық негіз жасайды.

Сенат «Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы