Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "Қазақстан" теле-радиокорпорациясының және "Еуразия" бірінші арнасының ұжымдарына жаңа басшыларын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі медиаменеджер Ләззат Танысбай "Еуразия" Бірінші арнасының директоры лауазымына тағайындалды.
Ал "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы болып белгілі журналист, медиа саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған Ернұр Бурахан тағайындалды.

Ләззат Мұратқызы соңғы алты жылда "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы ретінде отандық медианың дамуына елеулі үлес қосты. Осы жылдары тарихи телехикаялар мен анимациялық фильмдер өндірісіне ерекше серпін берілді. Корпорация отандық контентті интернет кеңістігінде және шетелдерде тарату ісінде біршама жетістікке жетті. Директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Ләззат Мұратқызына алғыс айтамын! Жаңа қызметте де табысты болатынына сенімдімін. Іске сәт, табысты қызмет тілеймін!, - деп жазды Руслан Желдібай.
"Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Ернұр Көшерханұлы Бурахан 1981 жылы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Журналистика саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары "Qazaqstan" телеарнасында тілші, тележүргізуші, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, "Қазақстан" телерадиокорпорациясына қарасты "Қазақ радиолары" ЖШС директоры қызметтерін атқарды.

2025 жылдың қаңтар айынан бері Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.
Ләззат Мұратқызы Танысбай журналистика саласында 30 жылдан астам жұмыс істейді, "Astana TV" телеарнасын және "Нұр-Медиа" медиахолдингін басқарған.
Құрамына 20-дан астам теле және радиоарна кіретін "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді.

Оның басшылығымен "Қазақстан" телерадиокорпорациясында "Abai TV" телеарнасы іске қосылған. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетті.