Қазақстан және бейбіт атом. Бізде тәжірибе бар

Қазақстан және бейбіт атом. Бізде тәжірибе бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ядролық қарудан бас тартып, атом қуатын адамзат игілігіне бейбіт мақсатта ғана пайдалануды бағдар еткен Қазақстан үшін атом саласы айрықша маңызға ие. 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жаңа технология жетістігінің арқасында алты құрлықта барланған уран қорының көлемі кейінгі онжылдықта 25 пайызға ұлғайған. Ал, осы уран қорының көлемі жағынан дүние жүзінде екінші орын алатын еліміз үшін атом энергетикасын дамытуға басымдық беру бірінші кезектегі міндет.

Бүгінде әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы мен энергия көздері табиғи қорының жылдан-жылға күрт азаюының салдары адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүр етті. Осы жолда жаһандық экономика, өзге баламалы қуат көздеріне қарағанда атом энергетикасына әлдеқайда басымдық беріп отыр. 

Атом энергетикасы бұл адамзаттың өзара байланысатын жаһандық үш міндеті – энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өсуді және экологияны реттеуге ықпал ететін технологияның бірі. Бүгінгі таңда салыстырмалы түрде қарасақ, көмірсутек энергия көздеріне қарағанда таза энергияның қажетті көлемін генерациялайтын, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, әлемдік технологиялық прогреске тарту тұрғысынан да, ядролық технологиялар саласындағы озық жетістіктерді енгізу тұрғысынан да атом энергетикасымен қатар тұра алатын балама жоқ деп айтуға болады. 

Озық технологияларға негізделген бейбіт атом өнеркәсібін дамыту үшін Қазақстанда барлық алғышарттар бар. Әсіресе, атом энергетикасын дамыту еліміз үшін тағдырдың өзі тарту еткен үлкен мүмкіндік. Атом энергетикасының басты қозғаушы күші – уран

Осы мақсатта аталған салаға қатысты ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиевпен сұхбаттасқан едік. 

- Атом энергетикасын пайдалану мәселелері соңғы уақытта жиі айтыла бастады. Жалпы, Қазақстанда атом Ренессансы қалай басталды? Қашаннан бері жұмыс істеп келеді? 

- Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ осы аралықтан бері Қазақстан ешқандай да (соның ішінде атом) электр станциясын салған емес. Ол – анық. Алайда, АЭС-тің жоқтығы атом саласында тәжірибе жоқ дегенді білдірмейді. Биыл, еліміздегі ядролық физика институтының ашылғанына 65 жыл болады. Ол уақытында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен академик Курчатовтың бастамасымен Алматы қаласында салынған еді. 55 жыл бұрын институт жанынан ең алғашқы зерттеу реакторы салынды. Ол реактордың қызмет түрі СУ-СУ. Орысша атауы ВВРК (Водо-водяной реактор Казахстана). Бұл нені білдіреді? Яғни ол екі контурлы реактор. Бірінші контур ядролық энергиядан бөлінген ыстықты алады да қыздырады. Мұның радиациясы бар. Бірінші контур екінші контурда тұрған суды қыздырады. Екінші контурдағы судың радиациясы болмайды. Атом электр станциясы мен зерттеу инстититуның айырмашылығы да осында. Егер екінші контурдан бу шығып ол генераторды айналдыратын болса онда ол электр энергиясын береді. Яғни, бұл жерде Атом электр станциясы болып шығады. Ал зерттеу реакторында суды буға айналдыру процесі жүрмейді, тек реакторды суыту үшін қызметтер жүзеге асады. Сондықтан бізде – Қазақстанда АЭС жоқ дегенмен, зерттеу реакторларының жұмыс істеп тұрғанына 55 жыл болды деп толық айта аламыз. Бұдан шығатын нәтиже, Қазақстанның атом саласында тәжірибесі бар екеніне көзіміз жетеді.

- Соңғы кезде қоғам АЭС салуға қатысты бізде мамандар жоқ деген мәселеге алаңдайды. Халық арасында қалыптасқан белгілі бір үрей де бар. Бізде осы салада мамандар жеткілікті ме? ЖОО орындарында атом саласы мамандарын дайындау қай деңгейде?

- Кез-келген үрей білместіктен пайда болады. Жаңа өзіміз айтқандай ядролық физика институтына 65 жыл болды дедік. Біріншіден осыншама жыл ішінде салада жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар. Екіншіден: қатты дененің радиациялық физикасымен айналысатын мамандардың жұмыс істеп келе жатқанына кем дегенде 65 жыл болды. Үшінші мәселе: Материалтану. Яғни қай материал радиацияға қарсы төзімді?. Біздегі зерттеулердің жүргізіліп жатқанына 65 жыл болды. Институт тек ғылыми-зерттеу ордасы ғана болып қойған жоқ, бұл жерде кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. 2010 жылға дейін кем дегенде 200 ден аса ғалым ғылыми жұмыстарын қорғады.

Бұдан басқа бізде ядролық физика мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте кадрлар дайындалып келеді. Ядролық техника мамандығы бойынша Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте кадрлар дайындалып жатыр. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақастан университетінде де мамандар дайындалуда. Кезінде Алматы энергетика және байланыс универсиетінде «ядролық реактор» деген мамандық бойынша мамандар даярланды. Мұның бәрі бізге нені айтады, бұл кадрлардан басқа ЖОО-нан кейін де кандидаттар мен докторлар дайындалды. Бірақ бұлар осы АЭС салатын адамдар деген сөз емес, яғни осы салаға жақын мамандар. Халықта мұндай ақпарат болмағандықтан олардың үрейленуіне де өзіміз себепкерміз, өйткені ақпаратпен толық қамтылған мәліміттер айтылмады, жазылмады, шығарылмады. Салада қызмет ететін мамандар басқа мамандықтар сияқты бұқаралық ақпарат құралдарына жиі шыға бермейді, «тыныш» қана өз жұмысын істеп жүрген мамандар.

Егер ядролық институтқа келетін болсаңыз, біздің мамандармен бірлесіп әлемге біз қандай үлес қосып жатқанымыз турасында ядролық-физика, нейтронды-физика, материалтану саласында, қатты дененің радиациялық физикасы жөнінде жасалып жатқан іргелі, қолданбалы, тіпті өндірістегі жұмыстарды көрсетер едік. Сонда ғана халықтың үрейі біршама басылар еді. Реакторлардың өзіне апарып та оларға тәжірибені көрсетуге мүмкіндіктер бар. 

Оның үстіне Алматы облысындағы Үлкен кентіне салады деген де шешімдер бар. Егер қажет болса біз ғалымдар халықпен кездесіп, осы мәселелерді ашықтан ашық жеткізуге дайынбыз.

- Қазақстанда 1973-1999 жылдар аралығында Ақтауда АЭС қызмет атқарды. Яғни, белгілі бір дәрежеде бізде тәжірибе бар ғой?

- Бізде 1973-99 жылдар аралығында жылдам нейтронды БН-350 деп аталатын АЭС өз қызметін жүзеге асырды. Реакторлардың көбі нейтрондардың орта энергиясында жұмыс істейді. Олардың бәрі уранның 235 изотобымена жұмыс істеген. Ол табиғатта 0.7 пайыз кездеседі. Қалған 99.3-і – 238 изотоп. Адамзатқа энергия беру мақсатында пайдалану үшін нейтрондар керек. Ақтаудағы реактор сол әлем бойынша бірінші рет салынған жылдам нейтрондарды қолданатын эксприменталды алғашқы реактор. БН-350 реакторының ерекшелігі: біздегі зерттеу реакторы, әлемдегі өзге де атом электростанцияларынан айырмашылығы – уран 238 изотобын ыдырату. Сондықтан ол үлкен жоба болды және өзінің жұмысын әлем алдында өте жақсы атқара білді. Мұндай реакторды Қазақстанда салуға мүмкіншілік бар екенін де көрсете білдік. Бір қауіпті жері, уран 238 изотобы бөлінгенде плутон деген элемент бөлінеді. Ал плутонийді қару-жараққа пайдалануға болады. Бұл жерде айтатын бір ғана дүние – сол плутоний бөлінгендіктен халық тарапынан ядролық қару-жарақты пайдалануға салынды ма деген сұрақтар туды. Мұндай сұрақтың болуы заңды. Өйткені плутоний бөлінгендіктен оны тығып қоя алмайсың, кәдеге жарату маңызды. Бұл – атом энергиясын бейбітшілік мақсатта қолдану саясатына қарсы. 

Ал мамандарға келетін болсақ, сол кездері қызмет істеген мықты мамандардың көзі тірі қалғаны шамалы. Алайда тәжірибе қалды. Тәжірибе қағаз жүзінде бар. Бірақ Қазақстанға салынатын реактор жылдам нейтронды реактор емес. Өйткені одан плутоний бөлінеді. Бүгінгі саяси қауіпсіздік мәселелерін негізге алатын болсақ, мұндай реакторларды салуға тыйым салынады.

- Ядролық қарудан бас тартқан, атомды бейбіт мақсатта қолданатын ел ретінде халықаралық аренада үлкен беделге ие мемлекет ретінде атом саласындағы жетістігіміз қандай? 

- Расында, Қазақстан әлемде атомды бейбіт мақсатта қолдануды жария етіп, ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір ел. Бұл шарттарды қабылдаудың тағы бір жағы бар. Кез-келген ядролық қару-жарағы бар ел, экономикалық тұрғыда өте мықты болуы керек. Оны қорғай да, сақтай да білуі ләзім. Бұған үлкен қаржылық әлеует керек. Мұны да ескерген жөн. Ал бейбітшілік бағытта десек, солардың ішінде іргелі қолданбалы, өндіріске шығарылатын институт ретінде ядролық-физика институтын айтуға болады. Алматыдағы бас институттың өзінде, манағы айтқан реактордан бөлек критикалық стенд деген бар. Реакторда тәжірибе бастамас бұрын, алдымен осы критикалық стендттен өтеді. Ал ол жерде тек 100 ваттық лампочканың ғана энергиясы бар. Терең де іргелі зерттеулер сол жерде жүргізіледі. Сондай-ақ 5 үдеткіш бар. Оның үшеуі ауыр иондарды, яғни ядролық реакциялар жүргізетін реактор жасай алады, қалған екеуі электрондық үдеткіштер. Міне осылардың бәрінде іргелі зерттеулер жүргізіледі. Ядролық қасиеттерін зерттейді, қатты денелердің физикалық радиациясын зерттейді және материалтану бойынша жұмыстар атқарады. Сонымен қатар қолданбалы зерттеулер. Біз өнімдерімізді өндіріске шығарып жатырмыз. Бұл қандай изотоптар? Біріншісі – бұл медицианалық арнада, яғни жаман ауруларға диагностика жасауға, солардың кейбірін емдеу үшін біз радиофарм дәрі-дәрмектерін шығарамыз. Екіншісі – өндіріске, яғни әлемдік стандарттарға сәйкес келетін гидрогельдік таңғыш дайындаймыз. Біздің институтта өндірілетін өнімдер 3-ұрпақты. Әлем 2-ұрпақта жүрсе, біз 3-ұрпақ өнімдерін шығарамыз. Ол нені білдіреді? Мысалы, күйіп қалған жерде жоғары температрура болады және ылғал жоғалады. Ол организмге өте кері әсер етеді. Ал жаңағы таңғышты жауып қойсаңыз, біріншіден – ылғал кетпейді, екіншіден – оның өзі гидрогельдік деп аталған соң керісінше ылғалды тартады. Үшіншіден – қажетті дәрі-дәрмектерді құя берсеңіз нанотүтікшелері арқылы ауа келеді. Басқа зиянды вирустар ол жерден өте алмайды.

Сонымен қатар өндірістен жаңа шыққан бір реттік шприцтер мен халаттарды стерилизациядан өткіземіз. Оның бойында вирус, бактерия болатын болса, олардың бәрін электронды энергияларды өлтіреді де, стерилиздік тап-таза болып шыға келеді. 

Бейбіт атом – ядролық медицина

Табиғи байлыққа толы жерімізді қырық жыл бойы қасірет құрсауына орап, Ұлы даламызды сілкінткен Семей ядролық сынақ алаңының ащы залалын көрген еліміз үшін «бейбіт атом» сөзінің астары терең, маңызы зор. Сондықтан да қазақ елі Семей полигонының базасын бейбіт атомды дамыту мақсатындағы ғылыми жұмыстарға пайдалану үшін Курчатов қаласында Ұлттық ядролық ғылыми орталық ашып, алғаш рет «Бейбіт атом» ұғымын нақты істермен дәйектеген еді.

Ұлттық ядролық ғылыми орталық негізінде ядролық ғылымды дамыту мәселесіне алғаш рет жаңа көзқарас қалыптасты. Осы мақсатпен Курчатов қаласында «Ядролық технологиялық паркі» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оны құрудағы басты мақсат – ядролық және жанама технологиялар саласында ғылыми негізде жұмыс істейтін жоғары технологиялық инновациялық кәсіпорындарды өрістету еді. 

Семей қаласында ашылған Ядролық медицина және онкология орталығы аймақтағы қатерлі ісікті алдын алуға, анықтауға және дер кезінде емдеуге мүмкіндік беретін бірегей          орталық. Өйткені онда озық үлгідегі диагностикалық жабдықтар, заманға сай емдеу аппараттары орнатылған, мамандар шет елде тәжірибеден өтіп келді. Бұның бәрі ядролық медицинаны жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Бұл атомды бейбіт мақсатқа пайдалану арқылы қол жекізілген нәтиженің бірі.

Жалпы әлемдегі денсаулық сақтау саласы ядролық медицинаның дамуымен бағаланады, өлшенеді. Мамандардың айтуынша бұл орталық толығымен халықаралық талаптарға сай. Ядролық медицина орталығы тек Семей өңірінен ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарынан да пациенттерді қабылдайды. 

Дайындаған: Мирлан Сақтағанұлы

(Мақала редакцияның көзқарасын білдірмейді)

Бөлісу: