- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан жаңа ауқымды белгілеп отыр: Тоқаевтың бағыты Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды қалай тоғыстырады?
Қазақстан жаңа ауқымды белгілеп отыр: Тоқаевтың бағыты Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды қалай тоғыстырады?
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
3 Тамыз 2026, 20:03
Әзербайжанның Консультативтік кездесулерге толыққанды қатысуы Орталық Азияның саяси және экономикалық географиясын кеңейтеді. Өңір Оңтүстік Кавказға тікелей шығу мүмкіндігіне ие болып, Каспий бөлуші емес, біріктіруші функцияны атқара бастайды. Ол арқылы көлік, энергетика, инвестиция және цифрлық жобалар кеңістігі қалыптасып келеді.
Қазақстан үшін мұндай кеңею стратегиялық мәнге ие. Ел Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара іс-қимылдың орталығында болып отыр, ал Ақтау-Баку байланысы Орта дәліздің негізгі элементтерінің біріне айналуда. Паром қатынасы, жасыл энергетика, талшықты-оптикалық желілер және сауда процедураларын келісу қазақстандық-әзербайжандық серіктестікке жалпыөңірлік ауқым бере алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның қазіргі заман тарихындағы ең табысты кезеңді өзара сенімнің өсуімен және ынтымақтастықтың жүйелі дамуымен байланыстырды. Оның Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартты жүзеге асырудың практикалық жоспарын дайындау туралы ұсынысы Қазақстанның саяси жақындасуды нақты жобалармен толықтыруға ұмтылатынын көрсетеді.
Қазақстанның рөлі, Транскаспий бағдарының келешегі және Президент Тоқаев бастамаларының маңызы туралы Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, ADA University вице-ректоры және Даму әрі дипломатия институтының директоры Фариз Исмаилзаде айтып берді.
– Әзербайжанның толыққанды қатысуы өңірлік диалог географиясын өзгертеді. Бұл Қазақстанның Орталық Азияны Оңтүстік Кавказбен қосуға және Каспий арқылы ортақ ынтымақтастық кеңістігін қалыптастыруға бағытталған бағдарламасын қаншалықты күшейтеді?
– Әзербайжан Консультативтік кездесулерге толыққанды қатысуды шынымен де үлкен дипломатиялық жеңіс деп санайды. Орталық Азия – біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыты.
Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ тұстары өте көп. Бізді тарих, дәстүр, дін, экономикалық мүмкіндіктер мен көлік бағдарлары байланыстырады. Соңғы бірнеше жылда екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге және өңірлердің жақындасуына ықпал ететін көптеген жобалар іске қосылды. Олардың қатарында Орта дәлізді дамыту, өзара инвестициялар, энергетикалық және жасыл жобалар бар.
Сондықтан Әзербайжан бұл өңірлік қоғамдастықтың толыққанды бөлігі болу мүмкіндігін зор қуанышпен қабылдайды. Біз өзімізді оның маңызды әрі пайдалы қатысушысы ретінде көреміз.
Ел көшбасшылары арасындағы жақсы қарым-қатынастар мен өзара түсіністіктің де маңызы зор. Олар ынтымақтастықты тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий арқылы байланыстарды нығайту бағыты Әзербайжанның Орталық Азиямен өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ұмтылысына толық сәйкес келеді. Қазақстанның мұндай саясаты бұдан да тығыз байланысқан өңірлік кеңістікті қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасайды.
– Президент Тоқаев қазіргі кезеңді Орталық Азияның қазіргі тарихындағы ең табысты кезең деп атады. Неліктен Қазақстанды осы жақындасудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі деп санауға болады және онда Ақтау-Баку бағыты бойынша серіктестік қандай рөл атқарады?
– Өңірлік интеграциядағы Қазақстанның рөлі өте үлкен. Әзербайжан мен Қазақстан қазірдің өзінде көптеген өзара тиімді жобаларды әзірледі және екіжақты байланыстарды кеңейтуді жалғастыруда.
Бүгінде біз Орта дәлізді, Баку-Ақтау көлік желісін, паром қатынасын, жасыл дәліздер мен талшықты-оптикалық желілерді дамытуға үлкен көңіл бөліп отырмыз. Осы жобалардың барлығы Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтады, бірақ олардың маңызы әлдеқайда кең. Олар сонымен бірге өңірлік интеграцияны тереңдетуге ықпал етеді.
Мен Қазақстан басшылығының Орталық Азия бүгінде өткен онжылдықтарға қарағанда әлдеқайда қарқынды, өте терең жақындасу процесін бастан кешіріп жатыр деген ұстанымын дұрыс деп есептеймін. Президент Тоқаев болып жатқан өзгерістерді дәл анықтайды. Өйткені саяси сенім экономикалық және инфрақұрылымдық байланыстармен барған сайын толыға түсуде.
Еуропаның өңірге деген өсіп келе жатқан қызығушылығын да ескеру қажет. Біз Еуропа лидерлерінің сапарларын және Еуропалық комиссияның жобаларын көріп отырмыз. Қытай да үлкен назар аударуда. Қазақстан саясаты ішкі өңірлік жақындасуды ірі сыртқы серіктестермен қарым-қатынасты дамытумен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Тағы бір фактор – ортақ түркілік тамырлар. Бұл процесте саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтатын Түркі мемлекеттері ұйымы ерекше рөл атқарады.
– Елдер арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды, бірақ құжаттардың өзі әлі практикалық нәтижеге кепілдік бермейді. Президент Тоқаевтың келісімшартты жүзеге асыру жоспарын дайындау туралы ұсынысы саяси сенімнен бірлескен жобаларға көшу қажеттілігіне қаншалықты жауап береді?
– Бүгінгі таңда алты мемлекет арасында тамаша саяси қарым-қатынастар, белсенді диалог және сенімнің жоғары деңгейі бар. Енді бұл қарым-қатынастарды практикалық қадамдарға айналдырып, бірлескен жобалардың санын арттыру қажет.
Өзара инвестициялар мен сауда басым бағыттар болуы тиіс. Көлік байланысына және тауарлардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін бөгеттерді азайту қажет. Сонымен қатар гуманитарлық жобаларды дамыту, адамдар арасындағы байланыстарды кеңейту, бірлескен туристік бағдарлар құру және көлік қатынасын жақсарту маңызды.
Дәл сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың практикалық жоспар дайындау туралы ұсынысының маңызы зор. Ол саяси өзара түсіністік нақты нәтижелерге әкелуі тиіс қарым-қатынастардың қазіргі кезеңіне толық сәйкес келеді.
Мұндай тәсіл Қазақстан саясатын оң сипаттайды. Ел құжаттарға қол қоюмен шектелмей, әрі қарайғы өзара іс-қимылдың практикалық салаларын айқындауды ұсынады.
Сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына да назар аудару қажет. Оларға қорғаныс өнеркәсібі, қауіпсіздік, ғылым, технологиялар мен инновациялар жатады. Мемлекеттер өңірді ортақ қауіпсіздік пен экономикалық гүлдену кеңістігі ретінде дамытуға ұмтылуы керек. Алдағы жобаларды біріктіретін басты мақсат осы болуы тиіс.
– Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий бағдарында орталық орын алады. Олардың серіктестігі Орта дәлізді еуропалық және азиялық нарықтар арасындағы сенімді байланыс жүйесіне айналдыруы үшін қандай шешімдер қажет?
– Көлік байланысы мен дәліздерді дамыту – ынтымақтастықтың ең маңызды әрі келешекке бағытталған салаларының бірі. Елдер бұл бағдарларды еуропалық және азиялық нарықтарды жалғайтын сенімді транзиттік дәлізге айналдыру үшін қазірдің өзінде ауқымды жұмыс атқарды.
Әзербайжан мен Қазақстан осы бағдарлардың инфрақұрылымдық негізін нығайтуды жалғастыра береді. Сонымен бірге сауда кедергілерін азайту, кедендік процедураларды синхрондау және сауда саясатын келісу қажет.
Осы шаралардың барлығы Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Олар сондай-ақ өңірлік интеграцияны тереңдетуге және көлік коридорларының сенімділігін арттыруға көмектеседі.
Бұл бағытқа көрсетілетін саяси қолдаудың орны бөлек. Президент Тоқаевтың бірыңғай көлік-логистикалық жүйе құруға көңіл бөлуі практикалық жұмысқа қосымша серпін береді. Қазақстанның Транскаспий бағдарын дамыту бойынша жүйелі саясаты Астананың бұл байланысты ұзақмерзімді басымдық ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Бүкіл бағдардың орнықтылығы белгілі бір дәрежеде Қазақстан мен Әзербайжан әрекеттерінің үйлесімділігіне байланысты болады. Елдер инфрақұрылымды қаншалықты жылдам дамытып, сауда мен кедендік процедураларды жақындастыра алса, Еуропа мен Азия арасындағы бұл дәліз соғұрлым сұранысқа ие болады.
Ең оқылған:
- Мектепте бағалау жүйесі өзгереді: Оқушылардың білімі енді қалай бағаланады?
- Аптап ыстық басылады: Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
- Қатты жел, нөсер, бұршақ: 3 тамызға дауылды ескерту жарияланды
- WBO рейтингі жаңарды: Жәнібек Әлімханұлы екінші орынға жайғасты
- Трамп Иранға соққы жасауды кейінге қалдырды