Қазақстан жалақы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр ма? - экономист түсіндірді

Кеше, 18:05
182
Бөлісу:
Қазақстан жалақы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр ма? - экономист түсіндірді
Фото: - архив

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында орташа жалақы бойынша көш бастап тұр деген ақпарат тарады. Оны ТМД мемлекетаралық Статистика комитеті жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстанда орташа номиналды жалақы - 817,2 доллар. Бұл көрсеткіш Өзбекстанмен салыстырғанда екі есе көп (437,8 АҚШ доллары). Қырғызстанда (411,2 доллар). Тәжікстанда 242,8 доллар.

Орталық Азияда минималды жалақы Қазақстанда жоғары. Өткен жылы бұл көрсеткіш 85 мың теңгені немесе 181,1 АҚШ доллары болды. Орталық Азия аймағындағы басқа елдерде бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен болды: Өзбекстанда – 89,4 доллар, Тәжікстанда – 54,9 доллар, Қырғызстанда – 28,3 доллар.

Бірақ бұл статистикамен Экономист Талғат Демесінов келіспейді. Оның сөзінше, мәліметтте сандық көрсеткішпен емес, сапалық көрсеткіштер де ескерілуге тиіс.

Ұлттық стастистика бюросы бір мәліметте орташа жалақы 420 мың теңге десе, енді бірінде 425 мың теңге деп береді. Мұны есептегенде әртүрлі әдістер қолданылады. Менің ойымша, бұл жерде есептеу әдісі дұрыс емес. Біз орташа медианалық жалақыны айтуымыз керек. Ол қазір 270-280 мың теңгенің аралығында. Ал 420 мың теңге жалақы алатын адамның қарасы аз... Қазақстанда 100-120 мың теңге жалақы алатын азаматтар көп. Сондықтан орташа медианалық жалақыны шындыққа жанасады деп ойлаймын, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, кез келген экономикалық көрсеткіштер сандық және сапалық болып екіге бөлінеді.

Қазақстан жалақы бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр ма? - экономист түсіндірді

Басқа елмен салыстырғанда еңбекақының абсолютті мөлшерін ескермей, салыстырмалы (сапалық) көрсеткішін де есептеуіміз керек. Демек еңбек ақының "қанша мөлшері азық-түлікке кетеді, қаншасы кредит төлеуге кетеді" деген мәселелерді бірге ескеруіміз керек. Онымен қоса сол елдегі азық-түлік пен қызметтердің бағасын қарауымыз қажет. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан көрші елдерімен салыстырғанда алға кете қойған жоқ, деді Демесінов.

«Қатты оза қойған жоқпыз»

Иә, Өзбекстан мен Қырғызстанда жанар-жағармай бағасы қымбат. Бізде олардан гөрі арзан, бірақ басқа тауалардың бағасы қымбат. Мәселен, нанның бағасы елімізде 160-200 теңгеге дейін баратын болса, Өзбекстанда ірі қалаларында нан бағасы 80-100 теңгенің аралығында. Оның үстіне нанды қазақстандық бидайдан жасайды. Яғни халық тұтынатын тауарлар көрші мемлекеттерді арзан. Меніңше, өмір сүру деңгейі де деңгейлес деп білемін. Қазақстаннан көп артта қала қойған жоқ, - деді ол.

Орташа еңбекақы алатын азаматтың жалақысы қайда жұмсалады? Демесінов былай деп топшылады:

Қазақстанда еңбекақы жоғары болғанымен, табысының 60 пайызға жуығы азық-түлікке кетеді. Қалған 40 пайызы кредит төлеуге жұмсалады. Ал 85 мың және 100 мың алатын адамдардың жағдайы не болып жатқаны белгісіз, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы