- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан үшін ЕАЭО-ның экономикалық маңызы қандай?
Қазақстан үшін ЕАЭО-ның экономикалық маңызы қандай?
ЕАЭО елдерінен импорт экспорттан екі есе көп болды.
Кеше 2026, 14:14
Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері Анель Киреева Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан экономикасына әсері, Ресейге тәуелділік, импорт көлемі мен санкциялардың ықпалы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан үшін ЕАЭО маңызды экономикалық алаң және ел сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру саясатын жалғастыруы қажет.
"ЕАЭО - кедендік кедергілерсіз үлкен нарық"
Анель Кирееваның сөзінше, бүгінде ЕАЭО Қазақстан үшін маңызды экономикалық мәнге ие. Ол одақты сауда, транзит, өндірістік кооперация мен жұмыс күшінің қозғалысын жеңілдететін кедендік кедергілерсіз үлкен нарық деп атады.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан үшін ЕАЭО тек тауар экспорттайтын алаң ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіп пен бизнеске қажет жабдықтар, шикізат, азық-түлік және қосалқы бөлшектер жеткізетін маңызды арна саналады. Сонымен қатар ол Қазақстанды ЕАЭО-ға толық тәуелді ел деуге болмайтынын айтты.
Қазақстанның маңызды сауда серіктестері қатарында Еуропалық одақ, Қытай, Түркия және басқа мемлекеттер де бар, - деді ол.
Импорт экспорттан екі есе жоғары болған
Кирееваның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы шамамен 31 млрд доллар болған. Алайда импорт көлемі экспорттан екі есе көп болған. Ол қазіргі таңда Қазақстан ЕАЭО-ға көбіне жеткізу нарығы мен өндірістік тізбектер тұрғысынан тәуелдірек екенін айтты.
Сондықтан Қазақстан үшін ЕАЭО-ның белсенді мүшесі болып қалу маңызды. Бірақ, сонымен қатар, сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру саясатын жалғастырып, тек одақ аясымен шектеліп қалмауы қажет, - деді сарапшы.
Қай салалар көбірек пайда көріп отыр?
Экономистің айтуынша, ЕАЭО-дан ең көп пайда көріп отырған салалар - азық-түлік өнеркәсібі, металлургия, химия саласы, құрылыс материалдары өндірісі, көлік және логистика.
Оның сөзінше, ортақ нарықтың арқасында қазақстандық бизнес Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения нарықтарына еркін шығуға мүмкіндік алған. Алайда отандық кәсіпорындарға Ресей мен Беларусьтің ірі өндірушілерімен бәсекелесу қиын болып отыр.
Олардың өндіріс көлемі үлкен, өнеркәсіптік базасы жақсы дамыған және мемлекеттік қолдауы да жоғары. Сондықтан басты мәселе - ЕАЭО-ның өзінде емес, өндіріс тиімділігінің әртүрлілігінде, - деді Киреева.
Ол Қазақстанға отандық кәсіпорындардың ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажет екенін айтты.
Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты азайған
Сарапшы бір жағынан ЕАЭО Қазақстанға өткізу нарығын кеңейтуге көмектескенін айтты. Оның сөзінше, ортақ кедендік кеңістік пен техникалық регламенттердің арқасында Қазақстанға Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения нарығына тауар шығару жеңілдеген.
Алайда ол ЕАЭО ішіндегі сауда динамикасы біркелкі емес екенін атап өтті.
2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 8,3 пайызға қысқарды. Ал одақ елдерінен келетін импорт, керісінше, 4,4 пайызға өсті, - деді экономист.
Киреева осының нәтижесінде Қазақстан ЕАЭО елдерінен келетін тауарларға өз өнімдерін экспорттаудан гөрі көбірек тәуелді болып отырғанын айтты.
ЕАЭО ішіндегі басты тәуекел - Ресейге тәуелділік
Анель Киреева ЕАЭО аясындағы негізгі тәуекелдердің бірі - экономикалық байланыстардағы теңсіздік екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның одақ елдерімен саудасында Ресейдің үлесі басым.
Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасындағы Ресейдің үлесі 2023 жылы шамамен 92 пайыз болды. 2024 жылы - 89 пайыз, ал 2025 жылы 88 пайыз, - деді ол.
Сарапшы бұл көрсеткіштер Қазақстан экономикасының ЕАЭО ішінде негізінен Ресей нарығымен тығыз байланысты екенін дәлелдейтінін айтты.
Сонымен қатар, ол бұл тәуелділік біртіндеп төмендеп келе жатқанын да оң бағалады.
Бұл Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстары біртіндеп әртараптанып жатқанын көрсетеді, - деді Киреева.
Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қалай әсер етті
Экономист Ресейге қарсы санкциялар мен геосаяси ахуал Қазақстан үшін әрі қауіп, әрі мүмкіндік алып келгенін айтты. Оның сөзінше, рубль бағамының құбылуы, логистикадағы қиындықтар мен қайталама санкциялар қаупі Қазақстан экономикасының кейбір салаларына қысым түсіріп отыр.
Көптеген қазақстандық компания сыртқы саудадағы ықтимал шектеулерді ескеруге мәжбүр. Бұл импорттық тауарлардың қымбаттауына және ел ішіндегі бағаның өсуіне де әсер етеді, - деді сарапшы.
Сонымен қатар, ол қазіргі жағдай Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер де ашқанын айтты.
Кирееваның айтуынша, Орта дәліздің маңызы артып, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, Еуропалық одақпен және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен ынтымақтастық кеңейген. Ол халықаралық компаниялардың бір бөлігі Қазақстанды бизнес жүргізуге және өндіріс орналастыруға тұрақты алаң ретінде қарастыра бастағанын да атап өтті.
"Қазақстан тек ЕАЭО-мен шектеліп қалмауы керек"
Анель Киреева алдағы жылдары ЕАЭО сауда, транзит, өнеркәсіптік кооперация және логистика саласында маңызды аймақтық бірлестік ретінде қала беретінін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан үшін ортақ нарыққа қол жеткізу, өндірістік байланыстар мен көлік маршруттарын дамыту тұрғысынан одаққа қатысу маңызды.
Қазақстан үшін ЕАЭО құрамында болу маңызды. Бірақ одан да маңыздысы - тек ЕАЭО-мен шектеліп қалмау, - деді сарапшы.
Киреева бүгінде ешбір мемлекет бір ғана интеграциялық бірлестік аясында жұмыс істемейтінін айтты.
Оның пікірінше, экономиканың тұрақтылығы көбіне сыртқы экономикалық байланыстарды әртараптандыру мен бірнеше бағыт бойынша серіктестікті қатар дамытуға байланысты.
Дәл осындай көпвекторлы саясат Қазақстанға сыртқы тәуекелдерді азайтып, ұлттық экономиканың тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
- Ресейге кіру тәртібі өзгереді: Қазақстандықтарға жаңа талап енгізіледі
- Мұнай қымбаттады, теңге нығайды: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?
- Астанада тағы да өрт шықты: Екі қабатты ғимараттың шатыры толықтай жанып жатыр
- "Көрсетпегені жоқ": Шымкентте балаларын үтікпен күйдіріп, мұздай суға тұншықтырған ана сотталды
- Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды – Президент
Сымбат Сатыбалдина