Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағын геологиялық тұрғыда заманауи әдістермен зерттеу аясын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде биыл Қазақстан Үкіметі жер қойнауын анағұрлым егжей-тегжейлі масштабта зерттеудің жаңа кезеңін бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы мақсатты ескере отырып, өткен жылы жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды қамтитын 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жүргізуге арналған 20 жоба әзірленді. Алдағы уақытта жыл сайын ең перспективалы 30 мың шаршы шақырым аумақ қамтылып отырады. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес дәуірінде қолданылған карталау масштабы 1:200 000 болған.
Алдағы үш жылда аталған 20 жобаны іске асыруға, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндерде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге және заманауи геологиялық инфрақұрылым құруға 240 млрд теңге немесе шамамен 500 млн АҚШ доллары бағыттау жоспарланып отыр. Бұл ретте соңғы 15 жылда геология саласына небәрі 469 млн доллар инвестиция салынған.
Жобалар аясында Жерді қашықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, сондай-ақ кешенді далалық жұмыстар жүргізіледі.
Зерттелетін учаскелерді іріктеу кезінде пайдалы қазбалар қорының сарқылу деңгейі, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы немесе аздығы, сондай-ақ басым бағыттағы пайдалы қазбалар бойынша әлеуеті ескерілді. Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит пен боксит кен орындарын анықтауға жоғары әлеуеті бар аумақтар белгіленді.
Сонымен қатар Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария мұнай-газға перспективалы, алайда аз зерттелген бассейндерде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту және геологиялық деректерді цифрландыру көзделіп отыр.
Жер қойнауын осындай ауқымда геологиялық зерттеуге көшу геологиялық болжамдардың дәлдігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – Еуропалық одақ елдері, Канада, Аустралия және Қытайда кеңінен қолданылатын халықаралық тәжірибеге сай келеді. Аймақтық детальды карталау перспективалы аумақтарды анықтауға, геологиялық және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру саласына жеке инвестиция тартуға негіз болады.