Қазақстан ТЖМ инновациялық робот-өрт сөндірушісін таныстырды

Жоғары технологиялық құрылғы өртті күрделі жағдайда, әсіресе құтқарушылардың өміріне қауіп төнуі мүмкін өндірістік нысандарда сөндіруге арналған.

 ТЖМ баспасөз қызметі Кеше 2026, 22:52
Кеше 2026, 22:52
215
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі әзірлеген инновациялық робот-өрт сөндіруші республикалық онлайн-марафон барысында таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

QAZAQSTAN телеарнасы эфирінде өткен «Референдум-2026» ауқымды онлайн-марафоны кезінде көрермендер өрт қауіпсіздігі саласындағы бірегей технологиялық әзірлеменің таныстырылымын тамашалады.

Қашықтан басқару жүйесімен және шынжыр табанды жүріспен жабдықталған робот Петропавл қаласындағы зауыт мамандары мен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде жасалған.

Жоғары технологиялық құрылғы өртті күрделі жағдайда, әсіресе құтқарушылардың өміріне қауіп төнуі мүмкін өндірістік нысандарда сөндіруге арналған.

Телемарафон барысында Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Жанат Қапаров роботтандырылған қондырғының ерекшеліктері мен төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздікті арттырудағы маңызы туралы айтты.

Оның сөзінше, мұндай технологияларды қолдану құтқарушылардың өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтып, ірі әрі қауіпті өрттерді жою кезінде операциялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар уақыт пен ресурстар шығынын қысқартып, адам шығыны қаупін төмендетеді.

Мамандардың айтуынша, бұл инновациялық жоба Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі жүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Наверх