Қазақстан Түркияға 250 тонна гуманитарлық көмек жібереді

23 Ақпан 2023, 17:03
1371
Бөлісу:
Қазақстан Түркияға 250 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Фото: almaty.tv

Бұл туралы Түркияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи елшілікте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстан мемлекеті жер сілкінісінің екінші күні Түркияға 41 адамнан тұратын алғашқы іздеу-құтқару тобын дайындап, жіберді. Екі күннен кейін екінші команда да Түркияға кетті. Іздеу-құтқару жұмыстарына барлығы 100 адам мен 6 иттен тұратын топ қатысты. Осы орайда құтқарушыларға, құрметті ҚР Төтенше жағдайлар министріне, олардың жұмысы үшін алғыс білдіремін. Үлкен жанкештілікпен және табысты түрде өз қызметтерін атқарған  құтқару тобы көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды және отандастарымызды үйінділер астынан шығарды. Құтқарушылар тобын өткен жексенбі күні, түнде Астанаға оралған кезде әуежайда қарсы алдық, - деп атап өтті елші.

Сондай-ақ еліміз қанша көлемде гуманитарлық көмек бергеніне тоқталды. 

Сонымен қатар Қазақстан 1 млн доллар көлемінде ресми ақшалай көмек көрсетті. Үкімет ұсынған қосымша 55 тонна гуманитарлық көмек те өткен демалыс күндері жер сілкінісі аймағына жеткізілді. Біздің елшілік пен бас консулдықтарымызға қазақстандық еріктілер әкелген гуманитарлық жүктер кезегімен елімізге жіберілді және AFAD-қа табысталды. Жинақталған гуманитарлық жүктердің едәуір бөлігі Қазақстан Ұлттық ұланының қолбасшылығы бөлген ұшақтармен жеткізіледі. Бүгін Астанадан алғашқы ұшақ ұшып шықты. Ертең Алматыдан тағы бір ұшақты жіберу жоспарлануда. Осы жеткізілімдермен бірге Қазақстаннан барлығы 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтілетін болады, - деді Уфук Экиджи. 

Белгілі болғандай, аталған қажетті заттардың ішінде қазіргі кезде ең қажеті –шатырлар, көрпелер, төсек жабдықтары, генератор, жылытқыштар бар. Қазақстан Үкіметі сондай-ақ жылжымалы дәретхана мен төсек жабдықтары сияқты аса қажетті заттарды жіберді.

Заттай көмектен басқа, Қазақстан тұрғындары да ақшалай көмек көрсетуде. Осы уақытқа дейін AFAD-тың жер сілкінісі үшін ашылған арнайы ресми шотына шамамен 5 млн доллар келіп түсті. Осы орайда мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ерекше алғыс айтқым келеді. Олар бастаған науқанмен және олар ашқан шот арқылы олар біздің қаражат жинау науқанына үлкен қолдау көрсетті, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы