Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан транзиттік әлеуетін арттырып жатыр – Көлік министрлігі

26 Маусым 2025, 17:06
799
Бөлісу:
 Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында көлік және құрылыс саласына арналған Komtrans Astana + BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Түркия және Өзбекстаннан келген 230-дан астам компания қатысып, жаңа өнімдер мен шешімдерін ұсынды.

Көрмелер жүк, жолаушылар көлігі, құрылыс техникасы, телематикалық жүйелер мен автосервис жабдықтарына бағытталған. Komtrans + BUSexpo – аймақтағы кәсіби B2B форматындағы жетекші платформа, ал Eurasian Construction Technology көрмесімен қатар өтуі іс-шараны кешенді деңгейге көтерді.

Көлік және логистика – жаһандық экономиканың өзегіне айналған стратегиялық сала. Қазақстан бүгінде транзиттік әлеуетін арттырып жатыр. Бұл ретте, Орта дәліз, Солтүстік-Оңтүстік бағыт және басқа да халықаралық маршруттарды дамытуға атсалысуда. Мұндай көрмелер жаңа идеялар жобаларға айналатын, кәсіпкерлік әріптестік нақты келісімдерге ұластыратын шешуші алаң, – деп атап өтті Көлік вице-министрі Талғат Ластаев көрменің ашылуында.

Көрме барысында 1000-нан астам B2B кездесу өтіп, бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Шетелдік қатысушылардың ішінде Қазақстанмен өндірістік кооперацияны кеңейтуге мүдделі ірі компаниялар бар. Әсіресе Қытай, Түркия және Өзбекстан кәсіпорындары Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын негізгі хаб ретінде бағалап жатыр.

Ұйымдастырушы Әнуар Мәліктің айтуынша, көрме нақты шешімдер мен кәсіби әріптестіктің алаңы ретінде алдағы уақытта да жалғасады. Көрме серіктесі Майкл Йоханнес мұндай кешенді форматтың Қазақстанның логистикалық хаб ретіндегі бағытымен үндесетінін айтты.

Іс-шара аясында логистика мен автосаладағы өзекті мәселелер талқыланған панельдік сессиялар мен пікірталастар өтуде. Сонымен қатар, өңірлік делегациялар техниканың жергілікті жағдайға бейімделу жолдарын талқылауда.

Көрме Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Өзгелердің жаңалығы