Қазақстанның сыртқы қарызы бойынша IV тоқсандағы төлем көлемі 10,5 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл III тоқсандағы 13,21 млрд доллармен салыстырғанда төмен көрсеткіш болғанымен, валюта нарығындағы сұранысқа әлі де әсер ететін фактор болып қала береді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) шолуында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қауымдастықтың мәліметінше, дүйсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 7 теңгеге өсіп, 455,36 теңгеге жеткен. Бұл ретте валюта саудасының көлемі 645,1 млн долларға дейін ұлғайған.
ҚҚҚ сарапшылары теңгенің әлсіреуі мен валюта саудасы белсенділігінің қатар өсуі ішкі нарықтағы шетел валютасына сұраныстың артқанын көрсетуі мүмкін екенін атап өтті. Бұған компаниялардың импорттық келісімшарттар бойынша төлемдері және сыртқы міндеттемелерді өтеуі әсер етуі ықтимал.
Ұлттық банктің бағалауынша, қазан-желтоқсан айларында сыртқы қарыз бойынша төлемдер 10,5 млрд долларды құрауы мүмкін. Бұл III тоқсандағы 13,21 млрд доллардан аз.
Осылайша, сыртқы міндеттемелер бойынша төлемдер шетел валютасына сұранысты қалыптастыруды жалғастырады. Алайда олардың күтілетін көлемі алдыңғы тоқсанға қарағанда төмен, – делінген ҚҚҚ шолуында.
Ақша нарығында не болып жатыр?
Ақша нарығындағы мөлшерлемелер әртүрлі бағытта өзгерген. Өтімділік көлемінің түзетілуі аясында TONIA мөлшерлемесі 16,10%-дан 15,89%-ға төмендеді. Ал SWAP-1D мөлшерлемесі 11,24%-дан 11,45%-ға өсті.
Ұлттық банктің депозит аукционында сұраныс 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 205,8 млрд теңгеге аз. Сұраныс толық қанағаттандырылып, мөлшерлеме 16,25% болды.
KASE индексі 0,4%-ға өсті
Дүйсенбі күнгі сауда қорытындысында KASE индексі 0,4%-ға өсіп, 7 846,7 пунктке жетті.
Сонымен қатар сауда көлемі 1,8 есеге төмендеп, 677,7 млн теңгені құрады. Бұл нарық қатысушылары белсенділігінің төмендегенін көрсетуі мүмкін.
Индекстің өсуіне «Қазатомөнеркәсіп» (+1,5%), Halyk Bank (+1,0%) және Kaspi (+1,0%) акциялары қолдау көрсетті. Ал мұнай бағасының төмендеуі және инвесторлардың пайдасын белгілеуі жағдайында «ҚазТрансОйл» акциялары 1,1%-ға арзандады.
Корпоративтік жаңалықтардың ішінде Air Astana компаниясының өзіне тиесілі 9,3 мың GDR-ды 57,8 мың долларға сатып алғанын атап өтуге болады.
Brent мұнайы 100,3 долларға арзандады
Brent маркалы мұнай бағасы 2,1%-ға төмендеп, барреліне 100,3 долларды құрады.
ҚҚҚ мәліметінше, бұған Таяу Шығыстан мұнай экспортының артуы және G7 елдерінің стратегиялық қорларындағы мұнайды нарыққа шығаруы әсер еткен. Өңірден мұнай экспортының жекелеген күндердегі көлемі соғысқа дейінгі деңгейден де асып отыр. Бұл мұнай тапшылығы қаупін азайтқан.
АҚШ қор нарығы өсті
АҚШ-тың негізгі қор индекстері 0,2-1,1%-ға өсті. Бұған технологиялық сектордағы өсім және іскерлік белсенділік туралы оң статистика әсер етті.
Технологиялық компанияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы компанияларға деген сұраныс жоғары болып отыр. Сонымен қатар қазан айында АҚШ Федералдық резерв жүйесінің мөлшерлемені көтеру ықтималдығының төмендеуі де нарыққа қолдау көрсетті.
Қызмет көрсету саласындағы ISM индексі 54,9 пункт болды. Бұл экономикалық белсенділіктің өсу аймағында сақталғанын көрсетеді. Алайда бағалар компоненті соңғы төрт жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге көтерілген.
Алтын бағасы төмендеді
ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты күтулердің өзгеруі әзірге ұзақ мерзімді облигациялар кірістілігінің төмендеуіне және доллардың әлсіреуіне әкелген жоқ. Бұл алтын бағасына қысым жасап отыр.
Нәтижесінде алтынның бағасы 0,2%-ға төмендеп, троя унциясы үшін 4 161 долларға түсті.
Ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5,26%-дан 5,31%-ға, доллар индексі 102,2 пунктке дейін өсті.