Қазақстан супер президенттік жүйеден кетіп барады – Расул Жұмалы

16 Наурыз 2022, 13:44
4107
Бөлісу:
Қазақстан супер президенттік жүйеден кетіп барады – Расул Жұмалы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президент бүгінгі Жолдауында бірқатар лауазымнан бас тартып, Парламентке беретінін жеткізді. Бұл супер президенттік емес, президенттік-парламенттік жүйеге ауысуды білдіреді. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы пікір білдіру кезінде айтты.

Саясаттанушының айтуынша, Президент өз Жолдауында саяси реформалардың төртінші кезеңін іске асыруды қолға алған. Жолдауда айтқан ұсыныстардың көпшілігі Ұлттық кеңесте айтылған, сол қорытындыланып, талқыланып бүгін нақты осындай көрініс тауып отыр.

Президенттің бүгінгі Жолдауы жан-жақты өте ауқымды болды. Бірінші кезекте саяси реформалар сөз етілді. Оған қоса құрылымдық мәселелер, мемлекет басқару, аймақтардың өзін-өзі басқаруы, ұлттық қауіпсіздік, Қаңтар оқиғаларының  себеп-салдары, жаңа облыстардың пайда болуы сияқты мәселелер сөз етілді.

Жолдауда айтылған ең түйіткілді мәселенің бірі мемлекеттің саяси құрылымы, яғни саяси реформалар жайлы болды. Бізде қазір супер президеннттік басқару жүйесі қалыптасқан. Биліктің 90 пайыздан астамы жалғыз адамның, яғни президенттің қолында. Кезінде 1990-2000 жылдары бұл саяси жүйе өзін ақтады. Ол шапшаң заңдар қабылдауға, шешімдер шығаруға пайдасын тигізді. Ал, қазір ол жүрмейді, оның үстіне Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз. Президент бірқатар лауазымнан бастартып, Парламентке беретінін жеткізді. Бұл дегеніңіз супер президенттік емес, президенттік парламенттік жүйе, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, енді көптеген тағайындаулар мен жаңадан қабылданатын бастамалар Мәжіліске өтеді.

Президент бірігіп пішкен тон келте болмас дегенді алға тартып отыр. Енді әкімдерді де жаппай президент өзі тағайындамайтын болады. Әкімдерді тағайындау жергілікті Мәслихаттармен санаса, ақылдаса отырып іске асырылады. Оған қоса бір емес екі үміткер ұсынылып, таңдау болады, – деп түсіндірді Р.Жұмалы.

Сонымен қатар ол президенттің туыстары мемлекеттік билікте немесе ұлттық компанияларда, квази мемлекеттік секторда болмау туралы жаңа заң қабылдағалы отырғанын құптарлық іс дейді.

Оған қоса президент болып сайланған азамат белгілі бір партиядағы мүшелігін тоқтату қажеттігін жеткізді. Мұндай ұсыныс облыс әкімдеріне де қатысты болды. Бұл билік пен саяси партиялардың бір-бірімен қосарланып кеткендігінің алдын алу. Сондай-ақ Парламенттің құрылымына қатысты да бірқатар ұсыныстар айтылды. Мәселен, Халық Ассамблеясынан бұған дейін 5 депутатты еш сайлауға қатыспастан өткізетін. Бұл көпшіліктің наразылығын туғызған еді. Енді олай болмайды, – деді ол.

Оның пайымдауынша, Президент осы жолғы Жолдауында бұрыннан халықтың көкейінде жүрген мәселелерге назар аударып, олқылықтардың алдын алуға тырысқан. 

Жолдау маған жақсы әсер етті, бұрыннан ойда жүрген мәселлердің шешілетіні қуантты, – деді саясаттанушы.
 

Өзгелердің жаңалығы