- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан спортында цифрлық өзгеріс: ЖИ талантты спортшыларды анықтай ала ма?
Қазақстан спортында цифрлық өзгеріс: ЖИ талантты спортшыларды анықтай ала ма?
15 Қазан 2026, 07:30
Қазақстанда спорт саласындағы деректерді бір жүйеге жинау, спорт ұйымдарының жұмысын автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. E-Sport цифрлық платформасының алғашқы модульдері пилоттық режимде іске қосылған, ал AI Sport аясында спортшылардың нәтижелерін талдау, жаттығу жүктемесін бағалау және спорттық қабілеттерді анықтау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
E-Sport: 85 федерация жүйеге қосылған
Туризм және спорт министрлігінің 2025 жылғы 4 қарашадағы мәліметіне сәйкес, «E-Sport: дене шынықтыру және спорттың цифрлық платформасы» ақпараттық жүйесіне 85 спорт федерациясы мен 50 ұйым қосылған.
Министрліктің хабарлауынша, жобаның бірінші кезеңінде үш модуль пилоттық режимде іске қосылған:
Платформаның негізгі мақсаты – спорт саласындағы ақпаратты орталықтандырып, бірыңғай деректер базасын қалыптастыру. Мұндай жүйе әртүрлі ұйымдағы мәліметтерді бір арнаға жинауға, ақпаратты жаңартуға және қажетті деректерді іздеуді жеңілдетуге бағытталған.
Спорт федерациялары үшін бұл жарыстар, спортшылар мен жаттықтырушылар туралы ақпаратты жүйелеуге мүмкіндік береді. Ал спорт нысандарының бірыңғай тізілімі инфрақұрылым туралы мәліметтерді бір жерден алуға жағдай жасайды.
Екінші кезеңде қосымша модульдерді әзірлеу жоспарланған. Олар:
Министрліктің мәліметінше, платформаны дамыту барысында спорт ұйымдарының өзара іс-қимылын жеңілдету және деректерді өңдеу уақытын қысқарту көзделіп отыр.
Цифрлық платформа спортшылар мен жаттықтырушыларға не береді?
E-Sport платформасының пайдасы тек федерациялар мен мемлекеттік органдардың жұмысын автоматтандырумен шектелмеуге тиіс. Спортшылар мен жаттықтырушылар үшін де деректерді бір жүйеге жинау маңызды.
Мәселен, спортшының электронды паспорты оның спорттық қызметіне қатысты мәліметтерді жүйелеуге арналған. Мұндай деректер толық әрі уақтылы жаңартылып отырса, спорт ұйымдары спортшының нәтижелері мен жарыстарға қатысуы туралы ақпаратты жинақтап, даярлық барысын бағалауды жеңілдете алады.
Жаттықтырушылар үшін жүйеленген ақпарат спортшының көрсеткіштерін салыстыруға және жаттығу процесіне қатысты шешім қабылдауға қосымша негіз бола алады. Ал жарыстар күнтізбесі спорттық іс-шараларды жоспарлауға көмектеседі.
Министрлік цифрландырудың нәтижесін тек жаңа ақпараттық жүйелердің санымен өлшеуге болмайтынын атап көрсетеді. Ведомствоның ұстанымынша, басты міндет – спорттық басқарудың тиімділігін арттырып, ақпаратты жинау мен өңдеу сапасын жақсарту және спортшыларды даярлау процесін деректер негізінде жетілдіру.
AI Sport: жасанды интеллект спортқа қалай енгізілмек?
E-Sport платформасынан бөлек, министрлік спорт саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр.
AI Sport әзірге жеке жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйе ретінде емес, спорт саласына ЖИ енгізу мүмкіндіктері пысықталып жатқан бағыт ретінде қарастырылуда.
Министрліктің мәліметінше, жасанды интеллектіні бірнеше бағытта қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр:
Ведомствоның түсіндіруінше, жасанды интеллект спортшының көрсеткіштерінің динамикасын талдауға, жеке нәтижелерін салыстыруға, жаттығу жүктемесін бағалауға және жарыс көрсеткіштерін саралауға көмектесе алады. Сондай-ақ бейнежазбалар арқылы спорттық техниканы талдау және перспективалы спортшыларды анықтау үшін деректерді пайдалану мүмкіндігі бар.
Дегенмен, министрлік жасанды интеллект мамандардың кәсіби шешімдерін алмастырмайтынын атап көрсетеді.
Жасанды интеллект технологиялары жаттықтырушының, спорт дәрігерінің немесе басқа да мамандардың шешімдерін алмастырмайды. Олар деректерді талдау және қосымша аналитикалық ақпарат беру арқылы кәсіби шешім қабылдауды қолдауға арналған құрал ретінде қарастырылады, – делінген ресми жауапта.
Министрлік мәліметінше, мұндай технологияларды тәжірибеде қолдану олардың ғылыми-әдістемелік негізділігіне, пайдаланылатын деректердің сапасына, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарының сақталуына байланысты болады.
Сондықтан жасанды интеллект спорттық қабілетті анықтауға немесе жарақат алу тәуекелдерін бағалауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылғанымен, оның нақты нәтижесін бағалау үшін технологияның тәжірибеде қолданылуы мен тиімділігі туралы деректер қажет.
Платформаны дамытуға қанша қаржы қарастырылған?
Ұсынылған ресми дерекке сәйкес, 2026 жылы E-Sport платформасын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынақтан өткізуге дайындау қызметіне 29 миллион 361 мың теңге қарастырылған.
Платформаның тиімділігін бағалау кезінде ақпараттың дәлдігі мен өзектілігі, деректерді жинау және өңдеу жылдамдығы, қағаз құжат айналымының азаюы, сондай-ақ цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі ескеріледі.
Бұл көрсеткіштер цифрландырудың нәтижесін тек жүйеге қосылған ұйымдардың санымен емес, оның іс жүзінде қалай қолданылатынымен де бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстан киберспортты да дамытуға басымдық беріп отыр
Қазақстанда спортты цифрландырумен қатар киберспорт бағыты да дамып келеді. 2026 жылы Астанада өткен Games of the Future жарысына Қазақстаннан 8 дисциплина бойынша 11 команда мен спортшы қатысты. Ал 2027 жылы Қазақстанда IESF World Esports Championship әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.
Бұл бағытта Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF) және Қазақстанның киберспорт федерациясы арасында ынтымақтастық жүргізіліп жатыр.
Аталған халықаралық жарыстарды өткізу Қазақстанның киберспорттық инфрақұрылымын дамытуға, отандық спортшылардың халықаралық тәжірибе жинақтауына, кадрлық және ұйымдастырушылық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық киберспорттық аренадағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді министрлік өкілдері.
Спортты цифрландырудың алдағы жоспары қандай?
Туризм және спорт министрлігінде алдағы кезеңде спорт саласын цифрландырудың бірнеше негізгі бағыты айқындалған. Олар:
Жаңа цифрлық шешімдер нақты қажеттілігіне, техникалық және экономикалық негіздемесіне, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және күтілетін нәтижесіне қарай кезең-кезеңімен енгізіледі.
Ең оқылған:
- Артық салмақ деп ойлаған: Алматыда дәрігерлер әйелдің ішінен үш келілік ісікті алды
- 2027 жылдан бастап кейбір отбасыға жерлеу жәрдемақысы берілмейді
- Қазақстандықтар 2 млн теңгеге дейінгі соманы 36 айға бөліп төлей алады
- 4 пен 5 алатындар көбейді, бірақ білім сапасы ше? Депутат министрге сұрақ қойды
- Қазақстанда жалақысы 300 мың теңгеден асатын қызметкерлер саны артты
Жанерке Жәкен