Қазақстан-Сингапур арасында тікелей әуе рейсі іске қосылуы мүмкін

16 Мамыр 2023, 16:21
719
Бөлісу:
Қазақстан-Сингапур арасында тікелей әуе рейсі іске қосылуы мүмкін
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстерді ұлғайту шеңберінде Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Осылайша, Қазақстан мен Сингапурдың авиациялық билік органдары бейне-конференц байланыс арқылы келіссөздер жүргізді. Қазақстандық делегацияны ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Ластаев Талғат, Сингапур делегациясын – Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Хан Кок Хуан басқарды.

Келіссөздер барысында қазақстандық тарап тікелей рейстерге қызығушылық танытып, сингапурлық әуе компанияларға Қазақстандағы "ашық аспан" режимін, оның ішінде әуе еркіндігінің "бесінші дәрежесі" құқығын пайдалануды ұсынды. Сингапурлық тарап "ашық аспан" режимін құптап, бұл ұсыныс сингапурлық әуе компаниялармен пысықталатынын хабарлады, - делінген хабарламада.

Тараптар 2023 жылғы шілдеде сингапурлық әуе компаниялар мен "Сингапур-Чанги әуежайының" қатысуымен өтетін кездесу шеңберінде әуе қатынасын ашу мәселелерін талқылауды жалғастыруға келісті.

Бұл ретте Сингапур тарапы Сингапурдың Азаматтық авиация академиясында оқудан өту мүмкіндігі туралы хабарлады.

Сондай-ақ қазақстандық тарап "Эйр Астана" әуе компаниясының елдер арасындағы ұшуларды орындауды бастау жоспарын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы