Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров «Әл-Джазира» халықаралық телекомпаниясының өкілі Хафез Әл-Ауамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар медиа саласындағы өзара ынтымақтастық пен оның даму перспективаларын талқылады. Халықаралық ақпарат кеңістігінде шетелдік хабар тарату құрылымдарымен өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.
А.Смадияров Қазақстанның «Әл-Джазирамен» ықпалдастықты кеңейтуге ашық екенін жеткізіп, жаһандық аудиторияға еліміздің әлеуметтік-экономикалық үрдістері мен сыртқы саяси бастамалары туралы хабардар етуге бағытталған бірлескен жобаларды көбейтуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиімді диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға дайын екендерін растады.