Қазақстан СІМ басшысы Люксембург пен Францияның сыртқы саяси ведомство басшыларымен келіссөздер өткізді

21 Маусым 2022, 11:03
1076
Бөлісу:
Қазақстан СІМ басшысы Люксембург пен Францияның сыртқы саяси ведомство басшыларымен келіссөздер өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 19-шы отырысына қатысу шеңберінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Люксембургтің Сыртқы және еуропалық істер министрі Жан Ассельборн және Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Катрин Колоннамен бөлек келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Люксембург СІМ басшылары екіжақты және көпжақты, оның ішінде ҚР-ЕО, ЕО-Орталық Азия форматындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Тараптар сондай-ақ ынтымақтастықтың барлық өзекті мәселелері мен халықаралық күн тәртібі бойынша «сағаттарын теңестірді». Үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Жаңа Қазақстанды» құрудың бастапқы нүктесіне айналған ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша өткен жалпыұлттық референдумға ерекше көңіл бөлінді. Люксембург тарапы ҚР Президентінің реформаларына берік қолдау білдіріп, олардың имплементациясы еліміздің саяси жаңғыруына ықпал ететінін атап өтті.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Қазақстан мен Люксембург арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдық орнатылуына байланысты бірлескен коммюнике қабылдау туралы уағдаласты.

Кездесу Люксембург Ұлттық күні қарсаңында өтті. Осыған орай, ҚР СІМ басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Люксембург Ұлы герцогі Анриге жолдаған құттықтауын жеткізді.

Францияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Катрин Колоннамен кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер бойынша Парижбен стратегиялық әріптестікті тереңдету жөніндегі одан арғы қадамдар талқыланды.

Министр Мұхтар Тілеуберді француз әріптесін ағымдағы жылы Еуропалық одақтағы төрағалығының табысты аяқталуымен құттықтап, Қазақстанның Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясында белгіленген барлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруды жалғастыруға деген нақты ниетін атап өтті. Франция Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі және еліміздің Еуроодақпен өзара іс-қимылының дәнекері.

Тараптар жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін қарап, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы тұрақты байланысты жалғастыруға келісті.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, атап айтқанда энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және инфрақұрылым, цифрлық технологиялар сияқты салаларды дамытуға ерекше назар аударылды.

Қазақстандық тарап білім, денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ министрлер 17 маусымда Парижде өткен қазақстан-француз саяси консультацияларының 9-шы раундының табысты өткенін құптады.

Өзгелердің жаңалығы