Қазақстан-Шри-Ланка бағытында тікелей рейс ашылуы мүмкін

1 Маусым 2023, 12:20
629
Бөлісу:
Қазақстан-Шри-Ланка бағытында тікелей рейс ашылуы мүмкін
Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметі

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Шри-Ланка Демократиялық Республикасының елшісі Жанита Лиянге және Филиппин Республикасының елшісі Игорь Байленмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу «Kazakh Tourism ҰК» АҚ кеңсесінде өтті.

Ержан Еркінбаев елшілермен туризм, спорт және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Сондай-ақ кездесу аясында «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев шетелдік дипломаттарға Қазақстанның туристік әлеуеті және елдегі осы саланың негізгі даму үрдістері туралы айтып берді.

Ержан Еркінбаевтың елші Лиянгемен әңгімесінің қорытындысы бойынша тараптар бірлескен туристік маршруттарды ілгерілетуге және Қазақстан мен Шри-Ланка арасында тәжірибе алмасуды жолға қоюға келісті. 

Дипломат екі ел арасындағы туристік ағымды арттыру үшін тікелей рейстерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Елші Байлен әлемге әйгілі кәсіби боксшы Мэнни Пакьяоның Қазақстанға келу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ Байлен мырза жақын арада Қазақстанның барлық өңіріне, оның ішінде Алматыға барып, еліміздің мәдениетімен танысып, алып шаһардың туристік әлеуетін зерделеуге ниет білдірді, - делінген ведомство хабарламасында.

Кездесулердің соңында Ержан Еркінбаев қос елшіге алғысын білдіріп, дипломатиялық миссияның басталуымен құттықтады, сондай-ақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ұзақ әрі жемісті болатынына сендірді.

Өзгелердің жаңалығы