Қазақстан Ресеймен барлық бағыт бойынша стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті – Смайылов

4 Шілде 2022, 19:33
946
Бөлісу:
Қазақстан Ресеймен барлық бағыт бойынша стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті – Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. 

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Премьер-министр биыл біздің ел – «ИННОПРОМ» көрмесінің серіктесі, осыған байланысты қазақстандық тараптан мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құралған ресми делегация келіп отырғанын айтты. 

Біздің компаниялар өздерінің әзірлемелерін көрсету, тиімді және перспективалы іскерлік байланыстар орнату үшін берілген мүмкіндікті толық көлемде пайдаланады деп санаймын, — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыстар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастың ерекше сипаты мемлекеттер басшылары кездесулерінің жоғары қарқынымен де расталып отыр. 

Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын, — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд-қа жетті. Бұл – Қазақстан-Ресей саудасы үшін рекордтық көрсеткіш. 

Осы жылы оң динамика сақталуда – қаңтар-мамыр айларында өзара сауда 5%-ға өсіп, $9,2 млрд-ты құрады. 

Елдеріміз арасындағы көпжоспарлы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіжақты өзара іс-қимылдың және сауда айналымын ұлғайтудың кең ауқымды мәселелерін шешуде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру маңызды, — деді Үкімет басшысы. 

Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кооперация Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін айтты. 

Осылайша, өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде $437,8 млн-ға 13 ірі кооперациялық жоба және $3 млрд-қа 9 жаңа жоба іске асырылды. 

Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Қазақстан үкіметі барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті, — деп түйіндеді Премьер-министр. 

Өз сөзінде Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің Қазақстанмен достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуды сөзсіз басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.

Біздің ынтымақтастық уақытпен тексерілген және сыртқы сынақтарға төзімділігін бірнеше рет дәлелдеген, — деді М. Мишустин.

Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы