Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен келіссөздер кезінде ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанын айтты.
Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте smart жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келтірген дерекке сәйкес, былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары екі есе өсіп, 1 млрд долларға жеткен.
Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 млн тоннаға жеткізуге дайынбыз, - деп айтты Мемлекет басшысы Ақордада.
Тоқаев осындай ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар біз білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақстандық білім алып жатыр. Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Оған әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік, - деп қосты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.