"Композитор" фильмінің арнайы көрсетілімінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь қазақ-қытай достығы, тарихи ынтымақтастық және мәдени байланыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елші өз сөзінде 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзін еске алды. Онда Си Цзиньпин қытайлық композитор Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов арасындағы шынайы достықты ерекше атап өткен болатын.
Сянь Синхай – Қытайда халық композиторы ретінде танымал. Ол Алматыда эвакуация кезінде Байқадамовтың қолдауын көріп, достық қарым-қатынас орнатты. Сол кезеңде ол қазақ батыры Амангелді Иманов туралы симфониялық поэма жазып, фашизмге қарсы күрес рухын жырлады, - деді елші.
Бұл әсерлі тарихи оқиға екі ел кинематографистерін шабыттандырып, "Композитор" атты бірлескен көркем фильмнің дүниеге келуіне себеп болды. Бұл – Қытай мен Қазақстан арасындағы алғашқы бірлескен киноөнім, әрі "Бір белдеу – бір жол" аясындағы мәдени байланыстардың нақты жемісі.
Фильм 2019 жылы Қытай мен Қазақстанда тұсаукесерін өткізіп, бірқатар халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланды. Атап айтқанда, ол Пекин халықаралық кинофестивалінде ашылу фильмі ретінде таңдалды және "Хуабяо", "Алтын періште" секілді марапаттарға ие болды.
Елші сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы тарихи достықтың Жібек жолы дәуірінен бастау алғанын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл байланыс түрлі салада кеңеюде: мәдениет, білім, туризм және жастар алмасу салаларында үлкен серпін байқалады.
Қазақстан Қытай үшін танымал туристік бағытқа айналды. Былтыр 1,2 миллионнан астам адам екі ел арасында сапар жасады. Елдерімізде мәдени орталықтар, бірлескен университет жобалары, Лу Бань шеберханалары мен дәстүрлі медицина орталықтары ашылды, - деді дипломат.
Сонымен қатар, елші жастар арасындағы алмасудың маңызын атап өтіп, олардың екі ел арасындағы достық көпірінің болашағы екенін айтты.
Елші Хань Чуньлинь 2025 жылы әлем елдері Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын атап өтіп жатқанын еске салды.
Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Сол себепті тарихты бұрмалау әрекеттеріне жол беруге болмайды. Біз бейбітшілікті қадірлеуге, тарихи шындықты қорғауға және жаһандық ынтымақтастықты арттыруға тиіспіз, - деді елші.
Іс-шара соңында жиналған қонақтар Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамов арасындағы достықты арқау еткен "Композитор" фильмін тамашалады. Елші фильмнің тарихи маңызына тоқталып, жастарды бейбітшілік пен достықты дәріптеуге шақырды.
Өткенді есте сақтау – болашақ үшін маңызды. Бұл фильм – достықтың, өзара құрметтің және мәдени байланыстардың символы, - деді Қытай елшісі.