Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент ҚХР Төрағасымен Сиань қаласында кездесіп отырғаныма қуанышты екенін айтып, мемлекеттік сапармен Қытайға шақырғанына алғыс айтты.
Тоқаев алдымен Си Цзиньпинді ҚХР-дың Төрағасы ретінде қайта сайлануымен құттықтады.
Ең алдымен, сізді Қытай халық республикасының төрағалығына қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз жүзеге асырып жатқан папрасатты саясат, өзіңіз басшылық етіп отырған Коммунистік партия халықты биік белестерге бастайды. Қытайдың болашағы жарқын, дамыған, гүлденген болатынына кәміл сенемін. Қазақстан үшін Қытай халық республикасының орны ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымаз достыққа және өзара түсіністікке негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты дамытуда мақсатымыз ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін мақсаттар айқын. Біз үшін Қытаймен мәңгілік және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды, - деді Тоқаев Сианьдағы кездесуде.
Президент екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеруге бар күш-жігерді салуға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен Қытайға келгенін хабарлаған болатынбыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесіп, мемлекеттік сапар аясында бірқатар іс-шараға қатысады. «Қытай-Орталық Азия» саммиті 18-19 мамырда Сиань қаласында өтетінін еске сала кетейік.