Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов ресми сапар аясында Пәкістан Ислам Республикасының Президенті доктор Ариф Алвимен, Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Разамен, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал Камар Джавед Баджвамен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Тараптар екі жақты форматта да, БҰҰ аясында да Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Брифингтер барысында өңірлік ахуал, әскери дайындық, әскери білім беру және кадрларды даярлау саласындағы өзара іс-қимыл, БҰҰ Африкадағы миссияларының біріне бірге қатысуы мәселелері де талқыланды.
Сондай-ақ сапар аясында Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің бас қолбасшыларымен, Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығымен кездесулер өтеді.
Қазақстандық делегация Армия музейінде, Ұлттық қорғаныс университетінде болып, Пәкістанның халықаралық бейбітшілік және тұрақтылық орталығының (CIPS) қызметімен танысты. Қорғаныс экспортын ілгерілету жөніндегі ұйымда (DEPO) Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының бастығына Пәкістанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өнімі көрсетілді.
Қазақстан мен Пәкістанның әскери ынтымақтастығы жоспарлы түрде жүргізілуде. Екі елдің қорғаныс ведомстволары арасында әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, бітімгершілік қызмет саласындағы өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Пәкістан Ислам Республикасында курстық даярлық бағдарламалары бойынша екіжақты ынтымақтастық жылдарында 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметші оқудан өтті.