Қазақстан 9 қарашадан бастап Өзбекстанмен шекарадағы үш өткізу пунктінде электронды кезекке брондау кезінде халықаралық жүк тасымалдаушылар үшін міндетті кепілдік төлем енгізеді. Оның мөлшері 20 АЕК, яғни 86 500 теңгені құрайды.
Жаңа талаптар туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті хабарлады. Ереже "Қазығұрт", "Б. Қонысбаев" және "Атамекен" өткізу пункттерінде қолданылады. Электронды кезектен орын брондау үшін тасымалдаушы арнайы электронды шотында қажетті қаражаттың болуын қамтамасыз етуі керек.
Егер көлік құралы өткізу пунктіне белгіленген уақытта келсе, ақша толық көлемде автоматты түрде қайтарылады. Ал егер тасымалдаушы 90 күнтізбелік күн ішінде қатарынан екі рет белгіленген уақытта келмесе, кепілдік төлем қайтарылмайды. Қаражат мемлекеттік бюджетке аударылады.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жаңашылдық жалған брондаулардың санын азайтуға, электронды кезектегі орындарды заңсыз сатудың жолын кесуге және шекарада кептелістің әдейі жасалуына жол бермеуге бағытталған.
Қазақстанның Көлік министрлігі отандық тасымалдаушыларға халықаралық жүк тасымалын жоспарлау кезінде жаңа талаптарды ескеріп, брондау шарттарын сақтауды және өткізу пункттеріне белгіленген уақытта келуді ұсынады.