Қазақстан өз шикізатын неге өңдемейді? Министр жауап берді

5 Сәуір 2022, 11:31
1941
Бөлісу:
Қазақстан өз шикізатын неге өңдемейді? Министр жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты. 

Халықта «Қазақстан ішкі өңдеуді неге жүзеге асырмайды? Табиғи байлықтарды шикізат түрінде неге шетелге өңдеуге жібереді?» деген сұрақтар жиі туындайды. Сондықтан өңдеу саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мыс бойынша 1,1 млн тонна отандық мыс концентратын өңдейтін жаңа мыс балқыту зауытын салу қажет, бұл катодты мыс экспортын 2 есе, яғни 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Өскенбаев. 

Министрдің айтуынша, мыстан дайын бұйымдар шығаратын зауыттар салу қажет (қуат кабельдері, созба сым және сымдар, мыс құбырлары мен түтіктер).

 Бұл экспортты 200 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Қорғасын бойынша жаңа өңдеу зауытын салу жоспарлануда, ол қорғасыннан дайындалатын өнімнің экспортын 150 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Сирек және сирекжер металдарды дамыту бөлігінде технологиялық күрделі өнімдер – жоғары сапалы аммоний перренаты және ванадий пентаоксидін шығаратын зауыттар салу жоспарлануда. Өнім экспорты 133,5 млн АҚШ долларын құрайды, - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Ол атағандай, ірі халықаралық өндірушілерді тартуды қажет ететін басқа да сирек кездесетін металдарды өндіру әлеуеті байқалады.

Сондай-ақ құрамында түсті металл кендері мол 5 аса ірі барланған кен орындарын тиімді игеру бойынша жұмыс жүргізілетін болады, бұл өнім экспортын 3,7 млрд АҚШ долларына өсіруге мүмкіндік береді, - деді ол. 

 

Өзгелердің жаңалығы