Қазақстан Орталық Азиядағы суды ең үнемді пайдаланатын ел атанды

Еліміз өңірдегі арасында жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі ең төмен мемлекет болып шықты.

 Қарағанды облысының әкімдігі Бүгiн 2026, 11:49
Бүгiн 2026, 11:49
136
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі ең төмен мемлекет ретінде аталды. Бұл туралы World Population Review аналитикалық сервисінің деректерінде айтылған.

Сервис мәліметінше, Қазақстанда бір адам тәулігіне орта есеппен шамамен 3 397 литр су пайдаланады. Салыстырсақ, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4 153 литрге, Тәжікстанда 4 460 литрге, ал Өзбекстанда бір тұрғынға шаққанда тәулігіне 4 778 литрге жетеді.

Өңірдегі ең жоғары су тұтыну деңгейі Түрікменстанда тіркелген – бір адам тәулігіне 15 445 литрге дейін су пайдаланады. World Population Review мәліметінше, бұл көрсеткіш бойынша Түрікменстан әлемде бірінші орында тұр.

Сарапшылар Орталық Азиядағы су тұтынудың жоғары болуын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бастысы – ауыл шаруашылығының дамуы. Өйткені егін суару үшін үлкен көлемде су қажет. Әсіресе мақта, күріш және суды көп қажет ететін басқа да дақылдарды өсіру кезінде су шығыны артады. Өңірдегі судың едәуір бөлігі ирригациялық жүйелерге жұмсалады.

Бұған қоса, ыстық әрі құрғақ климат та су тұтыну көлеміне әсер етеді. Жаз мезгілінде суға деген сұраныс халық арасында да, аграрлық секторда да күрт өседі. Кей елдерде су ескі инфрақұрылым мен тозған каналдардың кесірінен тасымалдау кезінде-ақ ысырап болып жатады.

Мамандар бұл статистика тек тұрмыстық тұтынуды ғана емес, өнеркәсіпте, энергетикада және ауыл шаруашылығында пайдаланылатын суды да қамтитынын атап өтті. Сондықтан жан басына шаққандағы көрсеткіштер адамдардың үй жағдайында күнделікті пайдаланатын су көлемінен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Еуропаның көптеген елінде жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі Орталық Азиямен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мысалы, Германияда бір адам тәулігіне шамамен 856 литр су пайдаланса, Францияда – 1 236 литр, Австрияда – 1 144 литр, ал Финляндияда шамамен 3 414 литр су жұмсалады.

Наверх