Қазақстанның Энергетика министрлігі кейбір шетелдік БАҚ-та республика ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерді асыра орындады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне толықтай бейілді екенін және белгіленген квотадан артық өндірілген мұнай көлемін өтеу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Алайда ведомствоның мәліметінше, ақпандағы өндіріс көлемінің артуы Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) технологиялық процестеріне байланысты болды.
Бұл жоба ұзақ мерзімді сипатқа ие және тұрақты энергетикалық ресурстарды жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ орта мерзімді міндеттемелерімізді орындауға бағытталған, – делінген хабарламада.
Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі ірі акционерлермен және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелерді орындау кестесі бекітіліп, белгіленген квотадан артық өндірілген көлемдерді өтеу шаралары келісілді.
Қазақстан уақытша өндіріс өсімін өтеу үшін қажетті шараларды қабылдады. Жақын арада өндіріс көлемі белгіленген лимиттерге толығымен сәйкес келетіндей түзетілетін болады.
Сондай-ақ, Қазақстан әлемдік мұнай өндірісінің 1,5%-ын, ал ОПЕК+ аясында шамамен 3%-ын ғана құрайтынын ескеру қажет. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның жаһандық сұраныс пен ұсыныс балансына айтарлықтай әсер етпейтінін, алайда елдің өз міндеттемелерін орындап, сенімді серіктес болып қала беретінін көрсетеді.
Қазақстан жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын әрдайым қолдайды және ОПЕК+ келісімдеріне толықтай бейілді. Біз серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып, келісілген шешімдерді орындауға дайынбыз. Қазақстанның мұнай өндіру саласын дамытуға қатысты кез келген болашақ жоспарлары халықаралық міндеттемелер мен жаһандық нарықтағы жағдайды ескере отырып жүзеге асырылатын болады, – деп атап өтті Энергетика министрлігі.