Қазақстан онлайн қызметтер бойынша он елдің қатарына кірді – Смайылов

3 Ақпан 2023, 13:05
1677
Бөлісу:
Қазақстан онлайн қызметтер бойынша он елдің қатарына кірді – Смайылов
Фото: Фото: primeminister.kz

Digital Almaty форумы аясында өтіп жатқан ЕАЭО елдері Үкімет басшыларының пленарлық отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауға баса мән беріп отыр. Елімізде Fintech және Govtech бағыттары секілді әлемдік өлшемдегі үздік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Еліміз күнделікті өмірге цифрлық шешімдер енгізуде жоғары деңгейге қол жеткізді. Бұл мемлекетіміздің ашық болуына және бизнестің технологияланғанының арқасында мүмкін болды. Цифрландыру – барлық азаматқа мүмкіндіктерді, теңдікті, әділдікті қамтамасыз етудің маңызды компоненті. Мемлекеттік басқаруда Invisible Government деп аталатын жаңа сапалы форматқа көшу жүзеге асырылып жатыр. Бұл форматта мемлекеттік басқарудың өзегінде адамның өзі, оның қажеті мен мүддесі тұрады. Мысалы, біз БҰҰ әдіснамасы бойынша отбасының әлауқаты бойынша 80 параметрін жинадық. Бұл күн сайын өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға көмектеседі және оларға проактивті мемлекеттік қызметтер мен қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл жерде негізгі тәсілдердің бірі – қызмет көрсетуде мультиплатформалық принциптерді жүзеге асыру. 

Мемлекет бизнеске өз платформаларында және цифрлық экожүйелерінде мемлекеттік қызметтерді интеграциялауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің тиімді екенін көрдік. Бүгінде 15 мемлекеттік қызмет жеке IT платформалар арқылы толық цифрлық форматта қолжетімді. Бизнеске қойылатын талаптарды қарауды оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласы талданды. Он мыңнан астам артық талап анықталды. "Таза парақ" реформасын жүзеге асыру бинес ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.  Соңғы жылдары электронды үкіметті дамыту деңгейін көтеру бойынша үлкен прогресске жеттік. БҰҰ рейтингінде Қазақстан 2018 жылы 39-орыннан 28-орынға көтерілді. Ал онлайн қызметтер бойынша субрейтингте еліміз 16-орыннан 8-орынға жоғарылап, әлемдегі он елдің ішіне кірді, - деді үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы