Қазақстан өңірлерінің әкімдері мәслихат сайлауында дауыс берді

Облыс және Алматы қаласының әкімдері сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.

 Алматы әкімдігі 29 Қараша 2026, 11:38
29 Қараша 2026, 11:38
230
Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру науқанына өңір әкімдері де қатысып, өз таңдауын жасады. Сайлау учаскелеріне барған кейбір әкімдер тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге шақырды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді. Өңірде 15 мәслихаттағы 193 депутаттық мандатқа үміткерлер бақ сынап жатыр. Жалпы, облыс аумағында 543 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Облыс әкімі мәслихат депутаттары халықтың мүддесін білдіріп, жергілікті бюджеттер мен өңірді дамыту бағдарламаларын бекітуге қатысатынын атап өтті.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров №541 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлаудың саяси жүйені жаңғырту және жергілікті өкілді органдардың өкілеттігін кеңейту тұрғысындағы маңызын атап өтті.

Әкімнің айтуынша, жаңадан сайланған депутаттарға өңірді дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жұмыс істеу міндеті жүктеледі. Облыста сайлаушылар тізіміне 579 141 адам енгізілген. Дауыс беруді ұйымдастыруға 721 сайлау комиссиясы жұмылдырылған.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының 16-шағынауданында орналасқан №68 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңірде 267 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны 455 мыңнан асады.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Satbayev University ғимаратында орналасқан №257 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол мәслихаттардың қала тұрғындарының мүддесін қорғауда және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын еске салды.

Алматыда депутаттық мандат үшін 168 кандидат сайлауға түсіп жатыр. Қала бойынша 670 сайлау учаскесі ашылған.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов та дауыс беруге қатысты. Ол №90 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Өңір басшысы мәслихат депутаттары аймақты дамытудың басым бағыттарын айқындауға, сондай-ақ тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді анықтап, шешуге атсалысатынын айтты.

Атырау облысында барлығы 278 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 425 мыңнан астам азамат енгізілген. Сайлауды ұйымдастыруға 2 536 адамнан құралған 374 комиссия жұмылдырылған.

Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Наверх