Қазақстан өңірлерінде өткен аптада қандай нысандар ашылды?

Республика күні қарсаңында еліміздің өңірлерінде жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, білім беру орталықтары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

 gov.kz 26 Қазан 2026, 14:19
26 Қазан 2026, 14:19
141
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Республика күні қарсаңында бірқатар өңірде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, медициналық мекемелер, білім беру орталықтары мен инфрақұрылым нысандары пайдалануға берілді.

Өнеркәсіп және өндіріс

Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын Silumin of Qazaqstan зауыты ашылды. Толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорын алюминий кластерін дамытуға, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Түркістан облысының Темірлан ауылында «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май мен желатин компоненттерін өндіретін зауыты іске қосылды. Құны 9 млрд теңге болатын кәсіпорын ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда биотехнологияда, микробиологияда және фармацевтикада қолданылатын пептон да өндіріледі.

Сондай-ақ Түркістан облысында мақта майын өңдейтін зауыт ашылды. Құны 1,5 млрд теңге болатын жобаның аясында 36 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жаңа өндіріс өңірде шитті мақтаны өңдеу көлемін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға ықпал етеді.

Денсаулық сақтау және білім беру

Бескөл ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңа емхананың техникалық ашылуы өтті. Құны шамамен 5,1 млрд теңге болатын медициналық мекеме Қызылжар ауданының 40 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Жаңа нысан жергілікті деңгейде ауруларды анықтау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ақтөбеде AQTOBE IT HUB заманауи білім беру орталығы ашылды. Мұнда бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және басқа да цифрлық бағыттар бойынша мамандар даярланады. Орталықтың негізгі жобаларының бірі – 18 жастан асқан азаматтарға арналған Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі. Онда халықаралық Peer-to-Peer үлгісі бойынша IT мамандықтарын тегін меңгеруге болады.

Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ол 1975 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылған. Жаңа мектептің ашылуы барлық баланы бір ауысымда оқытуға және педагогтерге заманауи жұмыс жағдайын жасауға мүмкіндік берді.

Инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

Маңғыстау облысында қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы ашылды. Hi-tech стилінде салынған ғимараттың ауданы 9 мың шаршы метрден асады, бұл бұрынғы вокзалдан 11 есе үлкен. Үш қабатты кешен тәулігіне 2,5 мың жолаушыға, ал жазғы қарбалас кезеңде 4 мыңға дейін жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген.

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жармұхамбет ауылында жаңа ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Құны 1,4 млрд теңге болатын жоба аясында 51 шақырым су құбыры тартылып, су алатын екі ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ әрқайсысының сыйымдылығы 300 текше метр болатын екі резервуар салынды.

Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсететін мекемеге 26 арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында автокрандар, шынжыр табанды экскаватор, тиегіш, кран-манипуляторлар, бұрғылау машинасы және тартқыштар бар. Жаңа техника гидротехникалық нысандарды күтіп ұстау жұмыстарын жеделдетіп, су басу қаупінің алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік сала және туризм

Ақтөбе облысының Шұбарқұдық кентінде жалпы ауданы 1,6 мың шаршы метр болатын жабық бассейн ашылды. Нысан аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Қазір мұнда 84 бала жүзумен айналысады. Алдағы уақытта бассейннің өткізу мүмкіндігін 130 орынға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Наверх