Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан мұздықтардың әлеуетін зерттейді: Сенат заңды ратификациялады

Бүгiн, 10:54
175
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Сенат "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Алтынбек Нухұлының мәлімдеуінше, бұл мәртебе 2017 жылы 6 жыл мерзімге ратификацияланған.

Қарауларыңызға ұсынылып отырған Заңмен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы» келісімді ратификациялау көзделеді.

Келісім Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің 2024 жылғы 12 сәуірдегі отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және оған 2025 жылы 19-шы маусымда Астана қаласында қол қойылған. Келісімді ратификациялау 2012 жылы Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретіндегі мәртебесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді сенатор.

Айта кетерлігі, орталық мұздықтарды, қар жамылғысын және су ресурстарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, климаттың өзгеруінің салдарын бағалау және өңір елдері арасында ғылыми деректермен алмасуды қамтамасыз етіп, ғылыми-талдамалық функция атқарады.

Орталықтың қызметі Орталық Азия мемлекеттері үшін стратегиялық маңызға ие, себебі өңірдегі су ресурстарының басым бөлігі мұздықтармен тікелей байланысты. Себебі, мұздықтар вегетациялық кезеңде өзен ағынының 50 пайызына дейінін, ал таулы-мұздық бассейндерде жылдық ағынның 80 пайызынан астамын қалыптастырады. Бұл ресурстар суару, энергетика және халықты сумен қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

Орталық Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумақтарындағы мұздықтарды зерттей отырып, Сырдария, Әмудария, Іле және Шу–Талас бассейндері бойынша ғылыми деректер ұсынады. Бұл деректер мемлекеттік органдардың су саясатын ғылыми негізде жоспарлауына мүмкіндік беретін болады, - дейді Алтынбек Нухұлы.

Өзгелердің жаңалығы