Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, еліміздегі мұнай-газ кешенінің барша еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің терең әрі даңқты тарихы жөнінде айта келіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында еліміздің тәуелсіз мұнай-газ индустриясын қалыптастыру үдерісінде қиындықтарға тап болғанын еске салды. Осы орайда бұл саланы дамыту үшін шетелден капитал тарту ісіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Соның ішінде, Президент мұнай саласында заманауи технология мен озық тәжірибені меңгерген отандық мамандардың қатары көбейгенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Chevron, ExxonMobil, Shell, Лукойл, Eni, Total, CNPC сияқты корпорациялармен және басқа да компаниялармен ірі жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Президент отандық мұнайшылардың ұрпақ сабақтастығына арнайы тоқталды. Ол Қазақстан мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушы, Атырау мұнай-газ университетіне аты берілген Сафи Өтебаевтың осы саланың қалыптасуына зор үлес қосқанын атап өтті. Президент мұнай-газ саласындағы қызметкерлердің жинаған тәжірибесі мен білімі азаматтарымыздың тұрмысын одан әрі гүлдендіруге және жақсартуға септігін тигізетін маңызды салалық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді деп санайды.
Баяндамада мұнайшылар шешуге тиісті бірқатар маңызды міндеттер айтылды.
«Саланы дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай мұнай өндіру жылына 100 миллион тоннадан, ал газ жылына 77 миллиард текше метрден асуы тиіс. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанның жалпы ресурстық әлеуеті 75 миллиард тонна шартты отын болса, Орталық және Солтүстік Қазақстанның әлеуетті ресурсы шамамен 18 миллиард тоннаны құрайды», – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дайын мұнай өнімдерін сату ісіндегі көшбасшылардың бірі болуы тиіс деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл Үкіметтің алдағы жылдардағы атқаратын басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте, Президент осы салаға инновацияларды енгізуге, шикізат өндіру және оны әрі қарай қайта өңдеу үдерісінің экологиялық тазалығын арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.
«2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл менің Қазақстан халқына арналған Жолдауымда айтылды. Осы мақсаттарға қол жеткізу барысында еліміздің мұнай-газ секторы үлкен рөл атқарады, – деді мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өнеркәсібінің үздік 41 қызметкерін марапаттады.