Қазақстан мен Тайландтың парламентаралық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

3 Мамыр 2024, 19:21
503
Бөлісу:
Қазақстан мен Тайландтың парламентаралық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Тайланд Парламенті сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Қазақстан мен Тайланд арасында сенімді саяси диалог орнағанын, берік сауда-экономикалық және мәдени байланыстар қалыптасқанын атап өтті.

Біз екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын сақтауға тиіспіз. Парламентаралық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бөлігі болып табылады және біз тай әріптестерімізбен заңнамалық тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Біз сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалог сияқты өңірлік алаңдар аясындағы ынтымақтастыққа баса назар аударып отырмыз, - деді Андрей Лукин.

Қатысушылар сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлін де талқылады. Бұл алаң 2003 жылдан бастап қазіргі әлемнің өткір мәселелерін шешуде барлық елдердің рухани көшбасшыларының күш-жігерін біріктіру мен дінаралық диалогтың танылған тұғырнамасына айналғаны атап өтілді. Андрей Лукин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына Тайланд өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін әріптестеріне алғысын білдірді.

Тайланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Бунсранг Ниумпрадит өз кезегінде Қазақстанда жүргізілген саяси реформалардың жоғары деңгейіне тоқталды және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы