Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде айтты.
Жақында Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер министрліктері екі елдің аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізудің трансұлттық арнасын жабу бойынша арнайы операцияны аяқтады. Ол операция өткен жылдың соңынан биылғы сәуір айына дейін өткізілді, - деді Асқар Мұхаметқалиев.
Оның айтуынша, Омбы мен Таразда бір мезгілде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде синтетикалық есірткінің Ресейдегі негізгі жөнелтушісі және оларды Қазақстанда қабылдап алушы ұсталды.
Осы операцияда есірткі өндіргені және таратқаны үшін Қазақстанның 13 азаматы ұсталды. Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында 7 есірткі зертханасы жойылды.Жалпы құны 9,5 млн АҚШ долларынан асатын 260 кг-нан астам дайын есірткі тәркіленді.Келтірілген зиянның қаншалықты екенін түсіну үшін есірткі зертханаларында өндірілген мефедрон деген осы психоактивті заттың 1 граммы аса ірі мөлшерге жататынын айта кету қажет. Тиісінше, аса ауыр қылмыс ретінде 15 жылдан және өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген, - деді ол.