Қазақстан мен Ресей «Союз-5/Сұңқар» зымыранының ұшырылуына қатысты мәлімдеме жасады

Алғашқы сынақ ұшырылымы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі ретінде бағаланды

 Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бүгiн 2026, 17:24
Бүгiн 2026, 17:24
137
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

«Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышының Байқоңыр ғарыш айлағынан алғашқы сынақ ұшырылымы Қазақстан мен Ресей өкілдері тарапынан жоғары бағаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов бұл ұшырылымды «ауқымды оқиға» деп атап, жобаның екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен өзара сенімнің арқасында жүзеге асқанын айтты.

Оның сөзінше, жаңа зымыранды жасау және ұшыру – Қазақстан мен Ресей басшылығының қолдауымен жүргізілген ұзақ жылғы бірлескен еңбектің нәтижесі. Ол бұл жетістік алдағы уақытта ірі ғарыш жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.

Ауқымды тарихи оқиға болды: мүлде жаңа «Союз-5/Сункар» зымыраны толық жаңғыртылған «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенінен ұшырылды. Бұл – Қазақстан мен Ресей президенттерінің, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің қолдауымен ұзақ уақыт дайындалған маңызды қадам. Жоба стратегиялық және технологиялық әріптестіктің, ең бастысы, өзара сенімнің арқасында жүзеге асты, - деді Байбек Оралмағамбетов.

Ал «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Баканов жобаның мемлекетаралық сипатқа ие екенін және екі ел басшылығының тапсырмасымен жүзеге асырылғанын жеткізді.

Сондай-ақ ол қазақстандық тарапты құттықтап, «Бәйтерек» жобасына қатысу Қазақстанды ғарыш саласында жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаны одан әрі дамыту зымыранның техникалық мүмкіндіктерін жақсартуға және орбитаға жүктемелерді шығаруды кеңейтуге жол ашады.

Еске салайық, бүгін Байқоңырдан "Союз-5/Сұңқар" зымыраны  ұшырылды. Айта кетерлігі, зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бәйтерек» жобасы аясында өтті. Жоба заманауи ғарыш инфрақұрылымын дамытуға және ғарыш қызметтері нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Наверх