Қазақстан мен Ресей шегірткеге қарсы бірлескен жоспар әзірлейді

Аталған шешім АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті мен РФ АШМ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес қорытындысы бойынша қабылданды.

 gov/kz Бүгiн 2026, 21:37
Бүгiн 2026, 21:37
153
Фото: gov/kz

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты іс-қимыл аясында шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерінің таралуын болдырмау мақсатында 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оған қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұндай шешім АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті мен РФ АШМ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес қорытындысы бойынша қабылданды.

Жиын барысында ағымдағы фитосанитариялық жағдай мәселелері, сондай-ақ мониторинг жүргізу, үйірлі шегірткелерінің ошақтарын дер кезінде анықтау және қорғау шараларын жүзеге асыру бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту тетіктері қаралды.

Екі елдің бейінді қызметтерінің жұмысын үйлестіруге және вегетациялық кезеңде жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жоспарды іске асыру тараптар іс-қимылдарының үйлесімділігін қамтамасыз етуге, жүргізілетін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға, шегіртке зиянкестерінің таралу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайту мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін сақтауға септігін тигізеді.

Наверх