Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Бүгiн, 01:22
140
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады.

Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Саяси диалог нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар жандана түсті. Бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулер мен келіссөздер ашық, іскерлік сипатымен ерекшеленді әрі шын мәнінде нәтижелі болды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің перспективті бағыттары белгіленгенін жеткізді.

Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді деген ортақ ұйғарым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән берілді. Стратегиялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақсатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылданды. Олардың қатарында 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің аймақтары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды, – деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы