Қазақстан мен Ресей Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

19 Шілде 2022, 10:36
1048
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргуловпен кездесті.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында тараптар Азиядағы көпжақты форматтағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының жай-күйі мен дамуы туралы пікір алмасты.

Тараптар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі екі елдің қарым-қатынас мәселелеріне ерекше назар аударды. Азия кеңесіндегі қазақстандық тараптың қазіргі төрағалығын ескере отырып, Ә. Тұрсынов ресейлік дипломатты 2022 жылғы қазанда өтетін АӨСШК 6-шы Саммитіне дайындық барысы, оның ішінде іс-шараның күн тәртібі, оның мазмұндық және ұйымдастырушылық аспектілері туралы хабардар етті.

Ресей тарапы форум қызметін жандандыру бойынша Қазақстан төрағалығымен жүргізіп жатқан жұмысты жоғары бағалап, Азия кеңесін халықаралық ұйымға айналдыруды қолдайтынын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар АӨСШК аясындағы іс-шаралар кестесін талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар АӨСШК 6-шы Саммитін табысты өткізу, сондай-ақ Азиядағы көпжақты форматтағы екі ел арасындағы ынтымақтастығын нығайту мақсатында белсенді байланыстарды жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы