Сенат Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шарт пен меншік құқықтарын реттеу жөніндегі келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжат "2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң деп аталады.
Құжаттар Қырғыз Республикасы аумағындағы қазақстандық курорттық-рекреациялық нысандардың жұмыс істеуіне бірыңғай құқықтық негіз қалыптастырады.
Келісімде курорттық-рекреациялық шаруашылықтардың төрт объектісіне: «Қазақстан» санаторийіне, «Самал» демалыс үйіне, «Университет» спорт-сауықтыру лагеріне және «Олимп» спорт-сауықтыру орталығына Қазақстан Республикасының меншік құқығы белгіленеді. Құжат Қазақстан тарапының объектілерді (базаны қоспағанда) жаңғырту жөніндегі міндеттемелерін 2029 жылдың соңына дейін жыл бойы жұмыс режимі бар 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін ұзартады. Сондай-ақ объектілерді салу кезеңінде де, пайдалану кезінде де жұмыс күшінің кемінде 80%-ын Қырғыз Республикасының азаматтары қатарынан тарту жөніндегі талап белгіленеді, - деп түсіндірді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Негізгі ережелер:
Қазақстанға төрт нысанға меншік құқығы бекітіледі: бір шипажай, екі демалыс үйі және спорттық-сауықтыру базасы;
нысандарды (базадан басқа) 3–4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғырту жөніндегі міндеттемелердің мерзімі ұзартылады;
жер учаскелері 49 жыл мерзімге жалға беріледі;
Қырғыз тарапы нысандарды алып қоюға бағытталған шаралар қабылданбайтынына кепілдік береді, олар тек мақсатты түрде пайдаланылады.