Қазақстан Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Құжат бұған дейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында қаралған болатын.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, шарттың негізгі мақсаты – қылмыстық істерді тергеу, қылмыстық қудалау және сот талқылауы барысында өзара құқықтық көмек көрсету.
Оның сөзінше, келісім екі елдің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылды реттейді. Атап айтқанда, құқықтық көмек көрсету тәртібі, одан бас тарту негіздері, сондай-ақ алынған мәліметтердің құпиялылығы мен оларды пайдалану шарттары айқындалған.
Шарт күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуді көздейді. Оның ішінде қамауда отырған адамдарды уақытша беру, тінту жүргізу, сараптамалар тағайындау, банктік шоттарды анықтау, дәлелдемелерді жинау және беру қарастырылған, – деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров.
Сонымен қатар құжат куәлар мен жәбірленушілердің келуін қамтамасыз етуге жәрдемдесуді, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді тәркілеу рәсімдеріне қолдау көрсетуді де қамтиды.
Құзыретті органдар ретінде:
– Қазақстан тарапынан – сот мәселелері бойынша Жоғарғы Сот, өзге сұраулар бойынша Бас прокуратура;
– Перу тарапынан – Мемлекеттік прокурор кеңсесі белгіленген.
Комитет төрағасы атап өткендей, шарт аясындағы құқықтық көмек нақты талаптар қойылған жазбаша сұраулар негізінде жүзеге асырылады.
Келісімді ратификациялау қылмыстық істерді тергеу тиімділігін арттырып, Қазақстан мен Перу арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты күшейтеді деп күтілуде.