Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ алдында мәлімдеме жасады. Президент Пәкістанның қонақжайлығына алғыс айтып, екі ел арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстардың терең екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Бұл құжат екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Президенттің айтуынша, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі екі есеге артқан. Тараптар алдағы жылдары тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы ретте көлік-логистика жобаларына басымдық берілмек.
Тараптар Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін, Транскаспий көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы теміржол жобасының перспективаларын талқылады. Сонымен қатар екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мүмкіндігі қарастырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс материалдары өндірісі бойынша бірлескен жобаларға қызығушылық бар екенін айтты. Президент Пәкістан компанияларын Қазақстанда өндіріс ашуға шақырды.
Келіссөздер барысында қорғаныс өнеркәсібі, қауіпсіздік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелері де қозғалды. Сондай-ақ исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пәкістандық қаржы институттары пайдалана алатыны айтылды.
Инвестициялық ынтымақтастық аясында «Самұрық-Қазына» қоры мен Пәкістанның «Fauji Foundation» ұйымы бірлескен инвестициялық платформа құруға уағдаласты.
Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытта нығая түсетініне сенім білдірді.